Жалпы білім беретін пәндер бойынша оқушылардың республикалық олимпиадасының қорытындысы бойынша 274 оқушы марапатталды
Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған іс-шаралар аясында 15-19 сәуір аралағында Қостанай қаласында жалпы білім беретін пәндер бойынша дәстүрлі республикалық олимпиада өткізілген болатын.
«Зияткерлік ұлт-2020» ұлттық жобасын жүзеге асыруды мақсат еткен Олимпиаданың турлары Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтының базасында өткізілді.
Білім жарысы бірнеше кезеңмен өткізілді. Мектептерде өткен І турға республиканың барлық өңірлерінде 438 мың оқушысы қатысса, солардың 613-і - қорытынды, бесінші турға жолдама алды.
Олимпиада қорытындысы бойынша 274 оқушы марапатталды, оның ішінде 46 оқушы - бірінші дәрежелі дипломмен, 91 оқушы - екінші дәрежелі дипломмен, 137 оқушы - үшінші дәрежелі дипломмен марапатталды.
Командалық есепте І орынды Жәутіков атындағы Республикалық мамандандырылған физика-математикалық орта мектеп-интернаттың, Астана және Алматы қалаларының, Павлодар облысының оқушылар командасы иеленсе, екінші орын - Жамбыл және Қостанай облыстарына бұйырды. Үшінші орынды - Ақтөбе, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстарының оқушылар командасы алды.