Жалпыұлттық демократиялық күштердің коалициясы халықты «Қазақстан-2050» стратегиясын белсенді іске асыруға шақырды
АСТАНА. 20 желтоқсан. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада Қазақстанның Жалпыұлттық демократиялық күштері коалициясының мәжілісі өтті.
Мәжіліс барысында «Нұр Отан» ХДП Төрағасының бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев бастаған Коалиция мүшелері қазақстандықтарды, саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктерді Елбасының жаңа стратегиялық бағытының төңірегінде топтасуға және қойылған ауқымды міндеттерді лайықты іске асыруға атсалысуға шақырды. Осыған орай коалиция мүшелері барлық қазақстандықтарға, саяси партияларға, қоғамдық бірлестіктерге арнайы үндеуін де жолдады. «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясының бастамасымен құрылған Жалпыұлттық демократиялық күштер коалициясы елді бір мүдде үшін топтастыру бағытындағы ең тиімді ұйым болып табылады. Оған алты жүзге жуық саяси және қоғамдық ұйымдар мүше болып кірді.
«Елбасымыз «Қазақстан-2050» стратегиясында айқындаған міндеттерді табысты жүзеге асыруға Жалпыұлттық демократиялық күштер коалициясы да қатысуы керек. Осы орайда коалицияның барша мүшелерін елді дамытудың жаңа бағдарламасын іске асыруға белсенді атсалысуға шақырамыз», - деді Б.Сағынтаев.
Оның айтуынша, бүгінде Жалпыұлттық коалиция Елбасы жоғары деңгейде көтерген реформаларды іске асыру мақсатында үгіт-насихат жұмыстарын бастап кетті.
«Еліміздегі қоғамдық тұрақтылықтың сақталуында Қазақстанның түрлі саяси күштерінің үлесі бар. Саяси идеологиялық көзқарастарымыздың әралуандылығына қарамастан, біз мемлекет пен халықтың мүддесін өз идеялық ұстанымдарымыздан жоғары қоя білдік. Бұл ретте құрамына еліміздің жетекші саяси партиялары, ірі қоғамдық бірлестіктері мен үкіметтік емес ұйымдары кіретін Қазақстанның Жалпыұлттық демократиялық күштері коалициясының рөлі де өте ерекше», - деп түйіндеді сөзін партия жетекшісі.
Парламент депутаттары, «Ақжол», «Әділет», «Руханият» партияларының төрағалары, қоғамдық және диаспора бірлестіктерінің өкілдері қатысқан бүгінгі алқалы мәжіліс барысында коалицияның 2013 жылға арналған жұмыс жоспары айқындалды. Жоспар қағидаттары Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың айқындаған саясатымен үндестік тауып отыр.