09:22, 22 Қаңтар 2009 | GMT +5
Жалтыр кентінде әлеуметтік ынтымақтастық мәселесі талқыланды
КӨКШЕТАУ. Қаңтардың 22-сі. ҚазАқпарат /Жанмұрат Жанайдаров/ -Ақмола облысына қарасты Астрахан ауданы аумағындағы Жалтыр кентінде аудандық билік,

Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы мен шағын және орта бизнес өкілдері жергілікті жерде әлеуметтік ынтымақтастықпен қызмет етуге тілек білдіріп, өзара келісімшарт жасасты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Бірінші рет қолға алынып отырған іс шара барысында селолық округ әкімі Кемелхан Бәйімбетов өңірдің әлеуметтік ахуалы, экономикалық дамуы, шешімін күткен түйткілдер жайлы хабарлама жасады. Кенттегі ауыз су, жол қатынасы, тұрғын үй құрылысы, кәсіпкерлікті жандандыру турасындағы мәселелерді ортаға салды. Өз кезегінде «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы аудандық филиалы төрағасының орынбасары Людмила Мартыновская, «Жалтыр элеваторы» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің директоры, аудандық мәслихаттың депутаты Анатолий Малыков, аудан әкімдігі кәсіпкерлік бөлімінің меңгерушісі Жұматай Сағынов кенттің шешімін күткен мәселелерін шешу жолдары мен соған орай өз тараптарынан көрсетілер көмек жайында әңгіме өрбітті. Пікір алмасу барысында білім беру, денсаулық сақтау, спорт пен мәдениетті өрістету бағытында біріккен іс-қимыл танытуға бағытталған шешім қабылданды. Бұл жұмыстарды арнайы бақылауға алатын қоғамдық кеңес құрылды.