Жамбыл Ермекұлы: Спортшының ата-анасы болу – бақыт
АСТАНА.KAZINFORM – Шорт-тректен Қазақстан құрамысының мұшесі, Харбин қысқы Азия ойындарының күміс жүлдегері Малика Ермектің әкесі Жамбыл Ермекұлы Kazinform тілшісіне эксклюзивті сұхбат беріп, спортшының жетістікке жетуіне қуанышты екенін айтты.

Жамбыл Ермекұлының айтуынша, қыздары халқаралық додада бақ сынап жатқанда, отбасы ол үшін қатты қобалжыған.
– Жарысты тікелей эферден тамашаладық. Ол кездегі сезімді айтып жеткізе алмаймын. Өте қатты қобалжыдық. Жекелей сында өнер көрсеткен кезде өзім алаңда болғандай күй кештім. Өкінішке қарай, финалдық сында бесінші келді. Негізі, жақсы нәтиже көрсетті. Алайда спортшылар бір орында тұрмайды, алға қарай жылжып жатыр. Біле білсеңіз, 2017 жылы осы нәтижемен чемпион атанатын еді, - дейді спортшының әкесі.
Ол сонымен қатар Маликаның шорт-трек спортына қалай келгенін айтып берді.

– 2011 жылы елімізде қысқы Азия ойындары өткен кезде менде бір кісілік үлесімді қосып жұмыс атқардым. Сол кезде елімізде шорт-тректен спортшылар тым аз екенін байқап, қызымды соған баулиын деп шештім. Ол кезде Маликаны ұлкен тенниске апаратын едік. Азиада аяқталғаннан кейін шорт-трекке апардым. Жаттықтырушы оны қабылдады, Маликаның өзіне де осы спорт ұнады. Осыдан кейін, анасы жұмыстан бас тартып, қызымызды жаттығуларға өзі апарып тұрды,- деді Жамбыл Ермекұлы.
Сондай-ақ, Жамбыл мырза спортшының ата-анасы болу қандай сезім екенін айтты.

– Негізі, спортшының ата-анасы болу бақыт деп ойлаймын. Балаңыз жетістікке жетіп жатқанда барлығы келіп құттықтап жатады. Өзің жетпеген биікке ұрпағың жетсе, ата-ана үшін осыдан үлкен бақыт жоқ шығар, - дейді Маликаның әкесі
Жамбыл Ермекұлының айтуынша, отбасы бұл күнде Маликадан басқа тағы үш спортшы ұл тәрбиелеп отыр.
– Үйде тағы үш спортшы ұлым бар. Малика өте еңбекқор. Бала күнінен жаттығуға мұқият. Демалыс кезінде де формасын сақтау үшін жаттығу жасайтын. Менің ойымша, осы жетістікке жетуіне оның қажырлығы және осы еңбекқорлығы көп септігін тигізді. Біз ата-ана ретінде өзіміз жасау керек ісімізді жасадық, бағыт-бағдар көрсеттік,- дейді Жамбыл мырза.
Айта кетейік, астаналықтар бүгін Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайында шорт-тректен ел құрамасын салтанатпен қарсы алды.
Еске салсақ, Малика Ермек Қытайдың Харбин қаласында өткен ІХ қысқы Азия ойындарынның шорт-тректен әйелдер арасында 1000 метрге сырғанаудан финалда өнер көрсетіп, бесінші орын алған еді.
Харбинде, Малика әйелдер арасында 3000 метрге эстафетадан жарыс жолына шығып, Қазақстан қоржынына тарихи күміс медаль сыйлады.