Жамбыл облысында 3,7 млн малға диагностикалық тексеру жүргізілді
ТАРАЗ. KAZINFORM – Жамбыл облысында эпизоотиялық ахуал бақылауда. Бұл туралы облыстық ветеринариялық станцияның басшысы Серік БердІбаев мәлімдеді.
Оның айтуынша, биыл сарып және өзге де жұқпалы ауруларға 3,7 миллионға жуық диагностикалық тексеру жүргізілген. Эпизоотияға қарсы іс-шараларға облыстық және республикалық бюджеттерден барлығы 4 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді.
– 2025 жылға дейін 16,5 миллион профилактикалық шара жүргізу жоспарланып отыр. Қазірдің өзінде аусыл, сібір жарасы, қарасан, пастереллез және басқа да қауіпті ауруларға қарсы екпелер толық көлемде жасалуда, – деді Бердыбаев.
Жыл басынан бері облыста құтырудың 3, пироплазмоздың 2, сальмонеллездің 2, пастереллездің 2 және энтеротоксемияның 1 ошағы тіркелген. Барлық ошақтарда карантин енгізіліп, залалсыздандыру шаралары толық көлемде жүргізілген.
Айта кетейік, Жамбыл облысында аң аулауға шыққан бала көз жұмды.