Жамбыл облысында 438 келі қарасора өсірген күдікті ұсталды
АСТАНА. KAZINFORM – Жамбыл облысында арнайы операция барысында 438 келі қарасора тәркіленіп, есірткі өсірді деген күдікпен Тараз қаласының 40 жастағы тұрғыны ұсталды, деп хабарлайды Polisia.kz.
Арнайы операция «Қарасора – 2026» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында полиция қызметкерлері мен Ұлттық ұлан әскери қызметшілерінің қатысуымен жүргізілген.
Өңірдің құмды алқапқа жақын аумағынан автономды электр қуатымен және суару жүйесімен жабдықталған жасырын есірткі алқабы анықталды. Онда үнді қарасорасы өсірілген.
Жасырын алқапты анықтау үшін әуе барлауы жүргізіліп, ұшқышсыз ұшу аппараттары пайдаланылған. Полиция мәліметінше, жедел қызметкерлердің үйлесімді іс-қимылы нәтижесінде күдікті қылмыс үстінде ұсталды. Ол – бұрын бірнеше рет сотталған Тараз қаласының 40 жастағы тұрғыны.
– Күдікті құрамында есірткі заттары бар өсімдіктерді өңдеп, кейін оларды басқа өңірлерге апарып, көтерме бағамен сатуды көздеген. Тінту барысында жалпы салмағы 438 келі болатын, биіктігі екі метрден асатын 50 түп қарасора, қаптама материалдары және арнайы агротехникалық жабдықтар тәркіленді, – делінген хабарламада.
Сонымен қатар жедел қызметкерлер сериялық нөмірі өшірілген, оқ-дәрілері бар Макаров тапаншасын анықтаған. Бұдан бөлек, 12 калибрлі «Байкал» мылтығы мен оның оқ-дәрілері, сондай-ақ есірткі тасымалдауға пайдаланылған жол талғамайтын көлік тәркіленді.
Күдіктіге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 300 және 287-баптары бойынша құрамында есірткі заты бар өсімдіктерді өсіру және қаруды заңсыз сақтау фактілері бойынша қылмыстық істер қозғалды.
Полиция мәліметінше, күдікті кінәсін мойындап, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Қазіргі уақытта есірткінің заңсыз айналымына қатысы болуы мүмкін өзге де адамдарды анықтау бойынша жедел іс-шаралар жалғасып жатыр.
Айта кетейік, Алматы әуежайында 32 келіден астам есірткі тәркіленді.