Жамбыл облысында 800 млрд теңгелік алып зауыт салынып жатыр

АСТАНА. KAZINFORM - Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы Жамбыл облысына жұмыс сапары барысында АӨК саласындағы инвестициялық жобалардың іске асырылуымен танысты.

Жамбыл облысында 800 млрд теңгелік алып зауыт салынып жатыр
Фото: ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі

«Алель Агро» АҚ сағатына 9 мың бас құс соятын ет өңдеу зауытының құрылысын жүргізіп жатыр. Жобаның жалпы құны – 18,5 млрд теңге. Кәсіпорын толық қуатына шыққаннан кейін жылына 70 мың тонна құс етін өндіретін болады, 500 жаңа жұмыс орны ашылады.

Бұдан кейін вице-министр «TRZ Agro» ЖШС-нің сыйымдылығы 12 мың тонналық көкөніс сақтау қоймасының құрылыс барысын көрді. Жалпы құны 1,3 млрд теңгені құрайтын жоба СҚО тәжірибесін тарату бағдарламасы аясында қаржыландырылып жатыр. Нысанды іске қосу 2026 жылға жоспарланған.

Ермек Кенжеханұлы
Фото: ҚР АШМ

Жамбыл ауданы Еңбек ауылында «AzNur AGRO» АӨК 400 басқа арналған цифрлық сүт-тауарлы фермасының құрылысын жүргізіліп жатыр. Жобаның құны – 1,8 млрд теңге. Қаржыландыру СҚО тәжірибесін тарату бағдарламасы аясында қарастырылған. Қаражат құрылыс жұмыстарына, жабдықтар сатып алуға және Дания мен Ресейден асыл тұқымды ІҚМ әкелуге бағытталған. Ферманың қуаты жылына 3 600 тонна сүт өндіруге мүмкіндік береді.

Байзақ ауданында Ермек Кенжеханұлы «Aspan» агрохолдингі» АӨК-нің 1 000 гектар алқаптағы көктемгі егіс жұмыстарының барысымен және тамшылатып суару жүйелерін енгізу жұмыстарымен танысты. Жоба СҚО тәжірибесі аясында 700 млн теңге көлемінде қаржыландырылған. Қазіргі уақытта 15 ұңғыма толық қазылып, 56 шақырым жерасты су құбырлары тартылған. Алаңда 200 гектар қант қызылшасы мен 500 гектар дәндік жүгері егілді.

Сапар соңында вице-министр «Fufeng Group» компаниясының жүгеріні терең өңдеу бойынша өндірістік кешенінің құрылыс алаңына барды. Жобаның жалпы құны – 800 млрд теңге. Зауыт валин, тағамдық глютамин, тағамдық лейцин, цитруллин және треонин өндіретін болады. Өндірілген өнім ҚХР мен Еуропа елдеріне экспортталады деп жоспарланып отыр.

мал шаруашылығы
Фото: ҚР АШМ

Қазіргі таңда алаңда әкімшілік ғимараттар, жатақхана, асхана, алты шикізат қоймасы, ЖЭО, тәулігіне 6 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімін кептіруге арналған кептіру кешені, сондай-ақ төрт ферментациялық цехтың құрылысы аяқталған.

Бірінші кезеңнің жабдықтары толық жеткізіліп, орнатылған. Нысанда 1 200-ден астам жұмысшы еңбек етуде.

Сапар қорытындысы бойынша Ермек Кенжеханұлы ауқымды агрожобаларды уақытылы іске қосудың ел экономикасы үшін стратегиялық маңызын атап өтіп, жұмыс қарқынын төмендетпеуді және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге жан-жақты қолдау көрсетуді тапсырды.

Осыған дейін Қарағанды облысында құны 42,5 млрд теңге болатын фармацевтикалық зауыт салынатыны туралы жаздық.