Жамбыл облысында алимент төлемеген тұрғынның бас бостандығы шектелді
АСТАНА. KAZINFORM – Жамбыл облысында алимент өндіруге қатысты ең күрделі атқарушылық іс жүргізулер бойынша берешек көлемі 319 млн теңгеге жетті.
Облыстық Әділет департаментінің мәліметінше, өңірде алимент үш айдан астам уақыт төленбеген 232 проблемалық іс тіркелген.
Биылғы жылдың алғашқы алты айында борышкерлерді әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы 192 ұсыныс жолданған. Оның нәтижесінде алмимент төлемей жүрген 172 адамға әкімшілік жаза қолданылды.
Сонымен қатар 67 материал қылмыстық жауапкершілік мәселесін қарау үшін құқық қорғау органдарына жіберілді. Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне 13 іс тіркеліп, оның екеуі сотқа жолданған. Соның бірі бойынша алимент төлемеген азамат бір жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілді.
Сондай-ақ 182 борышкердің Қазақстаннан шығуына уақытша тыйым салынды. Бұдан бөлек, көлік құралын басқару құқығын уақытша тоқтату туралы 33 ұсыныс сотқа жолданды.
Берешекті өндіру барысында мүліктік шаралар да қолданылып жатыр. Соның бірі бойынша құны 8,6 млн теңгеден асатын жылжымайтын мүлік өндіріп алушының меншігіне беріліп, қарыз өтелген.
Осыған дейін Шымкентте алимент төлемеген 31 адам қылмыстық жауапқа тартылғаны туралы жаздық.