Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Жамбыл облысында алкоголь сатқан дүкен иесіне 3 млн теңге айыппұл салынды

ТАРАЗ.KAZINFORM – Қоғамдық тәртіпті нығайту және салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында Жамбыл облысының Байзақ ауданында «Алкогольсіз ауыл» бастамасы іске асырылып жатыр.

контрафактный алкоголь
Фото: Anadolu ajansı

Атап айтқанда, аудан прокуратурасының үйлестіруімен, сондай-ақ ақсақалдар мен жергілікті тұрғындардың қолдауымен Абай, Базарбай және Байзақ ауылдарында алкогольдік ішімдіктерді сату толығымен тоқтатылды.

Сонымен қатар алкоголь айналымы саласындағы заңнаманың сақталуына бақылау күшейтілді. Заңнама талаптарын бұзғаны үшін ӘҚБтК-нің 200-бабымен 25 адам әкімшілік жауапқа тартылды.

Мәселен, Байзақ аудандық сотының 2026 жылғы 26 ақпандағы қаулысымен ірі супермаркеттердің бірі тәуліктің тыйым салынған уақытында алкогольдік өнімдерді сатқаны үшін кінәлі деп танылып, ӘҚбК-нің 200-бабы бойынша 432 мың теңге мөлшерінде айыппұл салып, лицензиясының қолданылуын бір ай мерзімге тоқтата отырып, әкімшілік жауапқа тартылды.

Алайда енгізілген шектеулерге қарамастан, рейдтік іс-шаралар барысында лицензия тоқтатылған кезеңде алкогольдік өнімдерді сақтау фактісі анықталды.

Прокурорлық қадағалау актісі бойынша кәсіпорын ӘҚБтК-нің 282-бабының 1-бөлігінің 7) тармағы бойынша кінәлі деп танылып, лицензиядан айыра отырып, 3 млн теңгеден астам мөлшерде айыппұл түрінде әкімшілік жазаға тартылды.

Қабылданған шаралар мас күйінде жасалған қылмыстар санының 73,4%-ға төмендеуіне ықпал етті.

Прокуратура азаматтарды алкогольдік өнімдердің айналымы саласындағы заңнаманың талаптарын мүлтіксіз сақтауға шақырады.

Айта кетейік, Жамбыл облысында 56 ауылдың тұрғындары алкогольсіз өмір салтына көшті. Бұл бастама өңірдегі тұрмыстық зорлық-зомбылық пен қылмыс деңгейін азайтуға бағытталған.

Абай облысында ішімдіктен бас тартқан ауылдар саны 30-ға жетті.