Жамбыл облысында әскери дрон ақау салдарынан қонуға мәжбүр болды
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан Қарулы Күштері Әуе қорғанысы күштеріне тиесілі ұшқышсыз ұшу аппараты Жамбыл облысында жоспарлы оқу-жаттығу кезінде штаттан тыс қонды.
Қорғаныс ведомствосының мәліметінше, оқиға 2026 жылғы 2 маусымда Жамбыл облысының Талас ауданы аумағында болған.
Оқиға салдарынан зардап шеккендер жоқ. Сондай-ақ жергілікті тұрғындар мен инфрақұрылым нысандарына қауіп төнбеген.
– Алдын ала мәліметтер бойынша, оқиғаға техникалық ақаулар себеп болуы мүмкін, – делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін арнайы комиссия құрылып, оқиға орнына жіберілді.
Мамандар аумақты тексеріп, ұшқышсыз ұшу аппаратының штаттан тыс қону себептерін анықтау жұмыстарын жүргізіп жатыр.
– Барлық мән-жайды анықтау үшін оқиға орнына арнайы комиссия жіберілді. Аумақты тексеру және оқиғаның себептерін анықтау бойынша іс-шаралар жүргізілуде, – деп хабарлады ведомстводан.
Айта кетейік, Ақтөбеде шекара маңынан ұшқышсыз ұшу аппаратының сынығы табылды.