Жамбыл облысында қатты жел үйлердің шатырын ұшырып әкетті
ТАРАЗ. KAZINFORM – 6 ақпанда Жамбыл облысы Сарысу ауданы Жаңатас қаласында екпіні 32 м/с-қа дейін жеткен қатты желдің салдарынан бірқатар нысанға зақым келді.
— 1-шағын аудандағы № 32, 33, 34, 35 тұрғын үйлердің, 3-шағын аудандағы № 6 тұрғын үйдің, 4-шағын аудандағы № 15 және № 15 «а» тұрғын үйлердің шатырлары жартылай ұшқан, — делінген Жамбыл облысы әкімдігі хабарламасында.
Сонымен қатар Бейбітшілік көшесінде орналасқан ту тұғыры құлап, аудан аумағында электр жарығы уақытша өшкен.
Қазіргі уақытта зардап шеккен азаматтар туралы ақпарат тіркелген жоқ.
Оқиғаға байланысты аудан әкімдігінде жедел штаб құрылып, зерделеу және қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Сарысу ауданының әкімдігі аса бір қажеттілік туындамаса үйден шықпауға кеңес айтты.
— 6 ақпанда қатты жел соғып, қаладағы кейбір тұрғын үйлердің шатырлары ұшып кетіп жатыр. Қауіпсіздікті сақтау мақсатында сіздерден аса қажеттілік болмаған жағдайда далаға шықпауларыңызды және көшеде абайлап жүрулеріңізді сұраймыз, — делінген Сарысу ауданының әкімдігінің хабарламасында.
Айта кетелік ТЖМ күн күрт суытатынып айтып, ескерту жасаған еді.