Жамбыл облысында қыруар қаржыға алынған медициналық аппараттар пайдаланылмай тұр

ТАРАЗ. KAZINFORM – Жамбыл облысы бойынша Тексеру комиссиясы 24 мемлекеттік квазимемлекеттік сектор субъектілерінде мемлекеттік аудит жүргізді. Онда 2023 жылғы жергілікті бюджет қаражатын пайдаланудың заңнама талаптарына қаншалықты сәйкестігі тексерілді.

больница, медицина, врачи, аурухана, дәрігер
Фото: Мухтор Холдорбеков / Kazinform

Тексеру нәтижесінде 2023 жылға қаралған қаражаттың 9,6 пайызын құрайтын 16 554,3 млн. теңге бұзушылықтар, сондай-ақ жалпы сомасы 1 319,1 млн. теңге бюджет қаражаты өрескел бұзушылықпен игерілгені анықталған. Бұл туралы аталған комиссияның кезекті отырысында оның төрағасы Руслан Мелдебек мәлімдеп, оларға кеңінен тоқталды. 

«Меркі аудандық орталық ауруханасы есебіндегі негізгі құралдарға ішінара түгендеу жүргізу барысында баланстық құны 12,6 млн. теңгені құрайтын кейбір медициналық және өзге де жабдықтардың пайдаланылмай тұрғандығы анықталды. Қордай ауданындағы Аухатты ауылында орналасқан дәрігерлік амбулаторияда 2,5 млн. теңгеге сатып алынған 1 дана автоматты сыртқы дефибрилятор Powerheart G5A бүгінгі күнге дейін еш қолданылмаған. 2,5 млн. теңгені құрайтын негізгі құралдарды тиімсіз қолдануға жол берілген. Сондай-ақ, Байзақ аудандық емхана бөлімшесіне жаңадан 198,8 млн. теңгеге сатып алынған құрал-жабдықтар аудит жүргізу кезеңіне дейін мүлдем қолданылмаған», – деді ол.

Комиссия төрағасы баяндамасында сонымен қатар, Тараз қалалық көпбейінді ауруханасындағы томография, ИВЛ аппараты рентген сәулелерін орнату аппараты сынды құны 105,2 миллион теңгенің бірнеше аппараты пайдаланылмай, шаң басып тұрғанын баяндады. 

Жамбыл облыстық көпбейінді балалар ауруханасында да ел игілгі үшін пайдаланылмай тұрған жабдықтар бар екен. Оның баланстық құны 704,9 млн. теңгені құрайды.

Айта кетейік, бұған дейін Тараз студенттерінің жатақханадағы адам төзгісіз жағдайға шағымданғанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар