Жамбыл облысында құны 765 млрд теңге болатын жел электр станциясының құрылысына жол ашылды

АСТАНА.KAZINFORM — Жамбыл облысы Мойынқұм ауданының прокуратурасы Инвесторлардың құқықтарын қорғау жөніндегі комитетпен бірлесіп, жел электр станцияларын салу бойынша ірі жобаны жүзеге асырып жатқан «TotalEnergies» ЖШС-нің құқықтарын қорғауды қамтамасыз етті. Бұл туралы Бас прокуратура мәлім етті.

Жамбыл облысында құны 765 млрд теңге болатын жел электр станциясының құрылысына жол ашылды
Фото: Pexels

— Жобаның жалпы инвестиция көлемі 765 млрд теңгені құрайды. Жоба жыл сайын жаңартылатын энергия көздерінен 1 ГВт-қадейін электр энергиясын өндіруге, 150 жұмыс орнын құруға және бюджетке қосымша салық түсімдерін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, — делінген хабарламада.

Анықталғандай, инвесторға нысан құрылысын жүргізу үшін 1 693 гектар жер учаскесі берілген. Алайда уәкілетті органның әкім қаулысын мемлекеттік тіркеуді созбалаңға салуына байланысты жобаны іске асыруға қауіп төнген.

Прокурорлық қадағалау шараларының нәтижесінде заң бұзушылықтар жойылып, қаулы белгіленген тәртіппен мемлекеттік тіркеуден өткізілді, ал инвестордың құқықтары қалпына келтірілді.

Кінәлі лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Инвестициялық жобаларды сүйемелдеу және әкімшілік кедергілерді жою бойынша жұмыстар жалғасуда.

Жамбыл облысының прокуратурасы әкімшілік кедергілерге тап болған инвесторларды 8 (775) 891-25-52 телефоны арқылы немесе 115 нөмірлі Call-орталыққа хабарласуға шақырады.

Айта кетейік, Павлодарда прокурорлар 368 млн теңгелік артық шығынның алдын алды.