Жамбыл облысында курьер интернет-алаяқтарға көмектесті деген күдікпен ұсталды
АСТАНА. KAZINFORM – Жамбыл облысының полицейлері Алматы қаласында интернет-алаяқтарға көмектесті деген күдікпен 22 жастағы ер адамды ұстады, деп хабарлайды Polisia.kz.
Тергеу мәліметінше, күдікті қылмыстық схеманы ұйымдастырушылардың тапсырмасымен курьер қызметін атқарып, банк карталары мен ұялы телефондарды тасымалдаған, сондай-ақ банкоматтар арқылы қолма-қол ақша шешумен айналысқан.
– Алдын ала мәліметтерге сәйкес, күдікті 2026 жылғы сәуір айынан бастап банк карталары мен телефондарды жеткізумен айналысқан. Тергеу барысында осы кезеңде оның бірнеше рет Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге шығып, Қазақстан азаматтарының банк карталарын интернет-алаяқтықпен айналысатын қылмыстық топтың құрамына кіруі мүмкін анықталмаған тұлғаларға тапсырғаны белгілі болды, – делінген полиция хабарламасында.
Күдіктіні ұстау кезінде одан бес ұялы телефон және екінші деңгейдегі түрлі банктерге тиесілі 13 банк картасы тәркіленген. Алдын ала мәлімет бойынша, карта иелері оларды ақшалай сыйақы үшін өз еркімен пайдалануға берген.
Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
– Полиция азаматтарды банк карталарын, олардың деректемелерін және ұялы құрылғыларын бөгде адамдарға бермеуге, сондай-ақ банк шоттарын пайдалану немесе ақша аударымдарын жүзеге асыру арқылы «жеңіл табыс» табуды ұсынатын күмәнді ұсыныстарға келіспеуге шақырады. Мұндай әрекеттер қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғуы мүмкін, – деп ескертті ведомство.
Айта кетейік, БҚО-да алаяқтық жасаған шенеунікке 7 млн теңге айыппұл салынды.