Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Жамбыл облысында орман өртіне кінәлі бес адам жауапқа тартылды

АСТАНА. KAZINFORM – Жамбыл облысында мемлекеттік орман қоры аумағында болған өрттерге кінәлі бес адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Олар айыппұл төлеумен қатар табиғатқа келтірілген шығынды да толық өтеді.

Пятерых виновников лесных пожаров наказали в Жамбылской области
Фото: Жамбыл облыстық ТЖД

Өңірде өрт қаупі жоғары маусым 26 наурызда басталды. Осы уақыт ішінде мемлекеттік орман қорының 363,85 гектар аумағын жалын шарпыды. Шілде айының соңына дейін барлығы 15 орман өрті тіркелген.

Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Медет Үрістеновтің айтуынша, бес жағдайда өрттің шығуына себеп болған адамдар анықталған.

– Оларға жалпы сомасы 216,3 мың теңге көлемінде айыппұл салынды. Сонымен қатар қоршаған ортаға келтірілген 83,9 мың теңге залал толық өндірілді, – деді ол.

Аумақтық инспекция әрбір өрт бойынша келтірілген шығынды жеке есептеген. Барлық 15 өрттен келген тікелей және жанама залалдың жалпы көлемі 613,7 мың теңгені құрады. Оның 34,4 мың теңгесі – тікелей шығын, ал 579,3 мың теңгесі – жанама шығын.

Өртке кінәлі деп танылған бес адам – жауапқа тартылғандардың бір бөлігі ғана. Инспекция мемлекеттік орман қорындағы өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзған, бірақ өрт туындамаған өзге де құқық бұзушылықтарды есепке алады.

Осындай деректер бойынша 109 адамға әкімшілік хаттама толтырылып, оларға жалпы сомасы 3,1 млн теңгеден астам айыппұл салынды.

Жауапкершілік орман шаруашылығы қызметкерлеріне де жүктелді. Жеті лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылса, тағы екі қызметкерге тәртіптік жаза қолданылды.

Жамбыл облысындағы мемлекеттік орман қорының аумағы 4,4 миллион гектардан асады. Бұл – өңір жерінің шамамен үштен бірі.

Өртті ерте анықтау үшін орман алқаптарында тәулік бойы жұмыс істейтін 65 бақылау бекеті мен 41 өрт бақылау мұнарасы қызмет көрсетеді. Сонымен қатар орман жағдайы 17 ұшқышсыз ұшу аппаратының көмегімен бақыланады.

Айта кетейік, бүгін республика аумағындағы орман қорында 5 өрт тіркелді.