Жамбыл облысында ОА-да теңдесі жоқ аминқышқылдар өндіретін жоба іске қосылды
АСТАНА. KAZINFORM - Жамбыл облысының Шу ауданында жүгеріні терең өңдеуге бағытталған стратегиялық инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр.
ҚР ауыл шаруашылығы министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша,өндірістік кешен «Jibek Joly» арнайы экономикалық аймағында салынып жатыр. Жобаға Shengtai Biotech Co., Ltd (Fufeng Group) компаниясы қатысуда.
Бұл жоба Мемлекет басшысының өңдеуші өнеркәсіпті дамыту жөніндегі тапсырмалары аясында жүзеге асырылып, өнеркәсіптік паркті кезең-кезеңімен салуды көздейді. Қазіргі таңда кәсіпорынның алғашқы кезеңі аяқталды.
Зауыт сұранысқа ие аминқышқылдарын, соның ішінде валин, треонин, глутамин және цитруллин өндіруге бағытталған.
Қазіргі уақытта сынақ режимінде алғашқы өнім изолейцин мен лейцин алынды. Бұл отандық өнеркәсіп үшін аса маңызды оқиға. Өйткені тармақталған тізбекті алмастырылмайтын аминқышқылдарды өндіру Қазақстанда және жалпы Орталық Азия өңірінде алғаш рет игерілді.
Бүгінгі күні межелі мақсатқа жету үшін өндіріс көлемін кезең-кезеңімен арттыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Зауыт толық іске қосылғаннан кейін жыл сайын 3 миллион тоннаға дейін жүгері өңделіп, 1700 жаңа жұмыс орны ашылады деген жоспар бар.
- Жалпы инвестиция көлемі 1,5 миллиард АҚШ долларын құрайды, кәсіпорын аумағы 400 гектарды қамтыған.
Өндірілген өнімдер Орталық Азия, Еуропа, Америка және Африка елдеріне экспортталатын болады, - делінген хабарламада.
Осыған дейін отандық ғалымдардың әзірлемелері негізінде жаңа зауыт іске қосылғаны туралы жаздық.