Жамбыл облысында TikTok арқылы жиһаз сатамын деген алаяқ әйел сотталды
АСТАНА. KAZINFORM – Жамбыл облысының тұрғыны TikTok арқылы жиһаз сатамын деп алаяқтық жасағаны үшін 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Ол бұл қылмысты бұрынғы үкімі бойынша жазасын өтеп жүрген кезде жасаған.
Іс материалдарына сәйкес, 2026 жылдың сәуір айында TikTok желісінде жиһаз сатылатыны туралы хабарландыру жарияланған. Өзін сатушы ретінде таныстырған әйел диванды акциямен 60 мың теңгеге ұсынған.
Хабарландыруға қызыққан тұрғын көрсетілген телефон нөміріне хабарласқан. Тапсырысты рәсімдеу үшін одан алдын ала 25 мың теңге аудару талап етілген. Ақша түскеннен кейін жиһаз жеткізілмей, сатушы байланысқа шықпай қойған.
– Жәбірленуші алаяқтықтың құрбаны болғанын түсінген соң полицияға жүгінді. Тергеу барысында тараптардың жауаптары, куәгерлердің айғақтары, түбіртектер, банк үзінділері және басқа да материалдар зерттеліп, қылмыстың мән-жайы толық дәлелденді, – делінген сот материалдарында.
Сотта айыпталушы кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкінетінін айтты. Сондай-ақ жәбірленушіге келтірілген материалдық шығынды толық өтеген.
Прокурор соттан әйелді 2 жыл 8 айға бас бостандығынан айыруды сұрады. Сот кінәсін мойындауын, өкінуін және келтірілген шығынды өтеуін жеңілдететін мән-жайлар ретінде ескерді.
Сонымен қатар сотталушының бұған дейін де бірнеше рет алаяқтық үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны анықталды. Бұл қылмысты ол бұрынғы жазасын өтеп жүрген кезеңде жасаған.
– Үкімдердің жиынтығы бойынша сот оған түпкілікті 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Үкім заңды күшіне енді, – деп хабарлады сот.
Айта кетейік, бұған дейін Шымкентте интернет-алаяқтарға алданған тұрғындардың 214 млн теңгесі қайтарылғаны хабарланған болатын.