Жамбыл облысында Toyota көлігі қағып кеткен ер адам жансақтау бөліміне түсті
ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫ. KAZINFORM — Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов ауданында Toyota көлігі ер адамды қағып кетті. Ауыр жарақат алған азамат аурухананың жансақтау бөліміне жеткізілді. Жол-көлік оқиғасына байланысты қылмыстық іс қозғалды.
— Полицияның алдын ала мәліметінше, Б. есімді азамат тізгіндеген Toyota көлігі жолдың жүріс бөлігінде болған ер адамды қағып кеткен. Зардап шеккен азамат аудандық орталық аурухананың жансақтау бөліміне жатқызылды, — деп хабарлады полиция.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде көлікті Мәжілістің бұрынғы депутаты Бақытжан Базарбек жүргізген болуы мүмкін деген ақпарат тарады.
Kazinform тілшісі мән-жайды нақтылау үшін Бақытжан Базарбекке хабарласуға тырысты. Алайда материал жарияланған сәтке дейін онымен байланысу мүмкін болмады.
Полицияның хабарлауынша, қазір қажетті тергеу амалдары жүргізіліп, жол-көлік оқиғасының мән-жайы анықталып жатыр.
Айта кетейік, бұған дейін Жамбыл облысында полициядан қашқан мас жүргізуші 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылғанын хабарлағанбыз.