Жамбыл облысында тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген 70 әйел көмек сұрады
ТАРАЗ. KAZINFORM — Аймақта жыл басынан бері тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша 70 әйел көмек сұрады. Былтыр мамандар 350-ден астам адамға кеңес берсе, өңірде жыл сайынғы өтініштердің орташа саны 280-ге жуықтайды.
Жамбыл облыстық тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге әлеуметтік көмек көрсету орталығының директоры Айдана Биғабылованың айтуынша, тұрмыстық зорлық-зомбылық жай ұрыс-керіс емес, адамның өміріне, денсаулығына, қадір-қасиетіне үлкен қауіп төндіреді. Көбіне мұндай мәселе «жабулы қазан жабулы күйінде» қалады. Ал әйелдер ұзақ уақытқа созылған физикалық, психологиялық немесе экономикалық қысымнан кейін ғана көмекке жүгінеді.
— Өткен жылы бізге 71 әйел хабарласса, биыл 70 әйел көмек сұрады. Жыл басынан бері 356 адамға кеңес бердік. Көп жағдайда балалар зардап шегеді, себебі көмек сұраған әйелдердің барлығында кәмелет толмаған балалар бар, — дейді маман.
Облыста екі дағдарыс орталығы бар. Біреуі Тараз қаласында, екіншісі Қордай ауданында орналасқан. Олар уақытша баспанамен қамтамасыз етіп, психологиялық және әлеуметтік қолдау көрсетеді, заңгерлік кеңес береді. Қажет болған жағдайда балаларды мектеп және балабақшамен қамтамасыз етеді. Ал ересектерге жұмысқа орналасуға және кәсіптік оқытуға көмек көрсетеді.
Өтініштердің толассыз түсуіне қарамастан мамандардың жұмысы нақты нәтиже беріп отыр. Өткен жылы 15, биыл тағы сегіз әйел жұмысқа орналасқан. Бірнеше әйел қысқа мерзімді курстар арқылы жаңа кәсіп үйренді. Қиын жағдайға тап болған балаларға да қажетті қолдау көрсетілді. Біраз бала үйірмеге қатысты. Сондай-ақ тағы біршамасы дамуы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ететін мекемелерге орналастырылды. Биыл мамандардың көмегімен 92 адам — 24 әйел және 68 бала отбасына оралды.
Тұрмыстық зорлық-зомбылық көбінесе жұмыссыздық пен тәуелділігі бар әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларда болады. Оның негізгі себептері — алкогольге тәуелділік, агрессия, түсінбеушілік.
Орталықтың мәліметінше, 2025 жылы зардап шеккендердің 58-і орта білімді, 22-і көпбалалы аналар, 58-і жұмыссыздар. Ал 35-і ауылдық жерлерде тұрды.
Қазір елімізде «Зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн» акциясы өтіп жатыр. Жыл сайын 25 қарашадан бастап, 10 желтоқсанға дейін жалғасатын науқанға ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мен Мәдениет және ақпарат министрлігі қолдау көрсетеді. Оның мақсаты — тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесіне назар аудару, тұрғындардың құқықтық сауаттын арттыру, қайдан көмек сұрау керектігін еске салу.
Жалпы жыл сайын елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы 100 мыңнан аса хабарлама түседі.
Мұндай жағдайда зардап шеккендер қайда жүгіне алатыны туралы жаздық.