Жамбыл облысында жас спортшылардың жаппай улануына сүт себеп болған
АСТАНА. KAZINFORM – Жамбыл облысының Меркі ауданында қаңтар айында болған жас спортшылардың жаппай улануына үй жағдайында өндірілген сүт пен айран себеп болғаны анықталды. Бұл туралы санитариялық дәрігерлер жүргізген эпидемиологиялық тексеру қорытындысында айтылған.
21 қаңтар күні кешке «Тұран» демалыс аймағынан Қызылорда облысынан келген жас балуандар Меркі аудандық ауруханасына жеткізілген. Жасы 12 мен 17 аралығындағы спортшылар өңірде оқу-жаттығу жиынында болған. Алғашында оларға «анықталмаған себептен болған гастроэнтерит» диагнозы қойылған.
Оқиғадан кейін мамандар науқастардан және спортшыларға берілген тағамдардан зертханалық сынамалар алған. Санитариялық-эпидемиологиялық тексеру нәтижесінде зардап шеккендерге стафилококкты энтерит диагнозы қойылды.
Тексеру барысында Staphylococcus aureus бактериясының көзі үй жағдайында дайындалған сүт пен айранды жеткізушіден анықталған. Жалпы вирустан 21 адам, оның ішінде 14 жасқа дейінгі 13 бала зардап шеккен.
Нысанды жоспардан тыс тексеру кезінде көптеген санитариялық талаптың бұзылғаны белгілі болды. Атап айтқанда, нысанның санитариялық-эпидемиологиялық қорытындысы болмаған. Сондай-ақ қызметкерлер міндетті медициналық тексеруден және гигиеналық оқытудан өтпеген.
Мамандар азық-түлікті дайындау мен сақтау талаптарының да өрескел бұзылғанын анықтады. Тоңазытқышта шикі етпен бірге піскен жылқы еті мен қазы сақталған. Қоймада ұн, көкөніс және өзге де азық-түлік еденде тұрған. Температуралық және ылғалдылық режимі арнайы өлшеу құралдарының жоқтығынан бақыланбаған.
Бұршақ, жасымық, макарон, дәмдеуіштер, сары май, шай және нан өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігін растайтын құжаттар ұсынылмаған. Сондай-ақ сиыр еті, сазан және көксеркеге қатысты ветеринариялық-санитариялық сараптама қорытындылары болмаған.
Бұдан бөлек, мекемеде тағам дайындаудың технологиялық карталары мен өндірістік бақылау бағдарламасы болмаған. Азық-түлік кесуге арналған құралдар таңбаланбаған әрі мақсатына сай пайдаланылмаған. Қызметкерлер күн сайын жұқпалы және тері ауруларының белгілеріне тексерілмеген.
Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, нысанның қызметіне тыйым салынып, 10 қызметкер жұмыстан шеттетілген. Алайда шектеудің нақты мерзімі мен қандай қызмет түрінің тоқтатылғаны нақтыланбады. Сонымен қатар демалыс аймағының әлеуметтік желідегі парақшасына қарағанда, нысан қазіргі уақытта жұмысын жалғастырып жатыр.
Жедел ден қою шараларын орындамағаны үшін жеке кәсіпкерге 302 750 теңге айыппұл салынды. Ал Меркі аудандық соты санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды бұзғаны үшін қосымша 484 400 теңге айыппұл тағайындады.
Осылайша, салынған айыппұлдың жалпы көлемі 787 150 теңгені құрады.
Айта кетейік, осыған дейін әкімдік Меркідегі балалардың жаппай улану фактісіне қатысты түсініктеме берген болатын.