Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Жамбыл облысында жер учаскелері өз құнынан үш есе қымбатқа сатылды

АСТАНА. KAZINFORM — Жамбыл облысында 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында жер учаскелерін сату бойынша 33 электронды аукцион өткізілді. Саудаға шығарылған учаскелердің бастапқы бағасы 78,2 млн теңге болса, электронды сауда қорытындысында сатып алушылар олар үшін 267,3 млн теңге төлеген.

Жамбыл облысында жер учаскелері өз құнынан үш есе қымбатқа сатылды
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Облыстық жер қатынастары басқармасының мәліметінше, сатылған жер учаскелерінің жалпы аумағы 38 гектарды құрады. Олардың кадастрлық құны 78,2 млн теңге деп бағаланғанымен, аукцион қорытындысында жалпы 267,3 млн теңгеге сатылған.

Басқармада мұндай баға айырмашылығы жерді сату тәртібімен түсіндірілді. Егер жер учаскесі мемлекет меншігінде болып, әлі ешкімнің пайдалануына берілмеген болса, оған құқық тек аукцион арқылы беріледі. Бұл талап Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 48-бабында көзделген. Мұндай жағдайда кадастрлық құн бастапқы баға ретінде белгіленеді, ал түпкілікті құн аукцион барысында қалыптасады.

Басқарма басшысы Данияр Өтеповтің айтуынша, биылғы алты айда ведомствоға мемлекеттік қызмет көрсету саласы бойынша 48 өтініш түскен.

Олардың барлығы оң шешімін тапқан. Оның ішінде 18 жағдайда жер учаскелерін қалыптастыруға арналған жерге орналастыру жобалары бекітілсе, 30 жағдайда мемлекеттік меншіктегі жер учаскелеріне құқықтар аукцион өткізілмей берілген.

Айта кетейік, Жамбыл облысында биыл мемлекет меншігіне 47 536,43 гектар ауыл шаруашылығы жері қайтарылды.