Жамбыл облысында жыл басынан бері 2000-нан астам жасөспірім полицияға жеткізілген
ТАРАЗ. KAZINFORM – Жыл басынан бері Жамбыл облысында 2000-нан астам жасөспірім полицияға жеткізілді. Кәмелетке толмағандарға қатысты барлығы 2591 әкімшілік іс қозғалған, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.
Жамбыл облысы полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары Әлішер Қалышев өңірде жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты.
Оның айтуынша, полицияның, педагогтердің және прокуратура өкілдерінің қатысуымен 868 рейд ұйымдастырылған. Нәтижесінде 464 жасөспірім және 292 тұрмысы нашар отбасы есепке алынған. Тағы 62 отбасы әлеуметтік қауіпті жағдайда деп танылған.
Девиантты мінез-құлқына байланысты тоғыз жасөспірім жабық типтегі арнайы мектептерге жіберілген. Сонымен қатар 15 адам ата-ана құқығынан айырылған немесе шектелген.
Балаларды тәрбиелеу міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін 211 ата-ана жауапкершілікке тартылған.
Бұдан бөлек, кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта үйден тыс жүруіне ерекше назар аударылып отыр. Мұндай құқықбұзушылықтар үшін 1719 ата-ана жауапқа тартылған.
Полиция өкілдері көрсеткіштердің төмендеуіне қарамастан, профилактикалық жұмыстарды күшейту жалғасатынын атап өтті.
— Біздің міндет — құқықбұзушылықтарға тек әрекет ету ғана емес, олардың алдын алу. Бұл жұмысқа мектептерді, ата-аналарды және қоғамды кеңінен тарту қажет, — деді департамент өкілі.
Сонымен қатар Әлішер Қалышевтің айтуынша, биылғы жылдың алғашқы екі айында кәмелетке толмағандарға қарсы қылмыстар саны төрттен біріне азайып, 38-ден 28 жағдайға дейін төмендеген.
Полиция мәліметінше, жыныстық қолсұғушылыққа қатысты қылмыстар да 60 пайызға азайған. Егер өткен есептік кезеңде мұндай 15 құқықбұзушылық тіркелсе, 2026 жылдың қаңтар–ақпан айларында алты дерек анықталған.
— Дегенмен мұндай қылмыстар ең күрделі санаттардың бірі болып қала береді, себебі олар көбінесе отбасы ішінде немесе жақын ортада жасалады, — деп атап өтті Ә.Қалышев.
Жыл басынан бері екі зорлау фактісі бойынша, сексуалдық сипаттағы бір зорлық әрекеті бойынша және 16 жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынасқа түсу бабы бойынша үш қылмыстық іс қозғалған.
Айта кетейік, Жамбыл облысында екі айда 27 жасөспірім жүктілігі тіркелгенін жаздық.