Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Жамбыл облысында жұртты 25 млн теңгеге алдап соққан алаяқ әйелге үкім шықты

АСТАНА. KAZINFORM – Жамбыл облысында азаматтарды инвестициядан жоғары табыс табуға уәде беріп, 25 млн теңгеден астам қаржыға алдаған әйел 3 жылға бас бостандығынан айырылды. Алайда сот оның төрт кәмелетке толмаған баласы барын ескеріп, жазаны өтеуді 5 жылға кейінге қалдырды, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Жамбыл облысында жұртты 25 млн теңгеге алдап соққан алаяқ әйелге үкім шықты
Фото: freepik.com

Іс материалдарына сәйкес, сотталушы 2024 жылы жеке кәсібінде қаржылық қиындықтарға тап болғаннан кейін таныстарынан қаражат жинай бастаған. Ол А4 форматындағы қағазды білім беру ұйымдарына жеткізумен айналысқан, алайда ірі мәміле жүзеге аспай қалған. Бұған қоса, өзі де алаяқтардың құрбаны болып, тапсырыс берушілер алдындағы міндеттемелерін орындай алмаған.

Осыдан кейін әйел таныстарын қаражатты тиімді инвестициялап, жоғары табыс табатынына сендіріп, ірі көлемде ақша алған. Соның салдарынан жәбірленушілерге 25 млн теңгеден астам шығын келтірілді. Іс сотқа жолданғанға дейін келтірілген залалдың бір бөлігі өтелгенімен, 12,3 млн теңге қайтарылмаған.

Сот барысында айыпталушы кінәсін ішінара мойындап, жасаған ісіне өкінетінін айтты. Оның кінәсі жәбірленушілердің, куәлардың айғақтарымен және өзге де дәлелдемелермен расталды.

Жәбірленушілердің бір бөлігі сотталушының отбасылық жағдайын ескеріп, оны бас бостандығынан айырмауды сұраса, енді бір бөлігі мемлекеттік айыптаушының ұстанымын қолдады. Прокурор оған «Рақымшылық жасау туралы» заңды ескере отырып, 3 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасын сұрады.

Сот әйелді ірі көлемде бірнеше рет алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танып, бастапқыда 4 жылға бас бостандығынан айырды. Кейін рақымшылық туралы заңға сәйкес жаза мерзімі төрттен біріне қысқартылып, 3 жыл болып белгіленді.

Сонымен қатар Қылмыстық кодекстің 74-бабына сәйкес сотталғанның төрт кәмелетке толмаған баласы барын ескеріп, жазаны өтеу 5 жылға кейінге қалдырылды.

Айта кетейік, бұған дейін Жамбыл облысында тұрғындарды алдап, 51 млн жинаған ерлі-зайыптыға үкім шыққанын жаздық.