Жамбыл облысындағы фосфор зауытынан ақ түтін көтерілді: не белгілі болды
АСТАНА. KAZINFORM – Әлеуметтік желілерде Жамбыл облысындағы Жаңа Жамбыл фосфор зауыты (НДФЗ) маңында түсірілген бейнежазба тарады. Кадрларда кәсіпорын аумағынан ақ түтін көтерілгені байқалады.
Желі қолданушыларының айтуынша, зауыттың №7 цехында жарылыс болған болуы мүмкін.
Алайда кәсіпорынның ресми ақпаратына қарағанда, бұл жағдай сары фосфорды сақтау қоймасында орын алған. Шикізатты тасымалдауға арналған ыдысқа құю кезінде фосфор аздап төгілген.
«Фосфор ауамен әрекеттескен сәтте қысқа уақыттық жану орын алды.
Өрт зауыт қызметкерлерінің күшімен дереу сөндірілді, зардап шеккендер жоқ. Оқиға орнына төтенше жағдайлар департаментінің мамандары келіп, мән-жайын анықтап жатыр», — деп хабарлады Жамбыл облысы ТЖД.
Мәліметтер экология департаментіне және өзге де құзырлы органдарға тексеріс жүргізу үшін берілді.
Құтқарушылардың айтуынша, тұрғындар үшін ешқандай қауіп жоқ.
Айта кетейік, бұдан екі жыл бұрын осы зауытта жарылыс болып, екі адам зардап шеккен еді. Сол кезде оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, алдын ала себеп ретінде қауіпсіздік ережелерін сақтамау көрсетілген болатын.