Жамбыл облысындағы кісі өлімі: марқұмның туыстарын не алаңдатып отыр
АСТАНА. KAZINFORM – Жамбыл облысында оққа ұшқан азаматтың туыстары күдіктінің жауапкершіліктен жалтаруы мүмкін деп алаңдайды. Олар әлеуметтік желі арқылы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жасап, істі жеке бақылауына алуды сұрады.
Марқұмның жақындарының айтуынша, 1 тамызға қараған түні сағат шамамен 03:00-де Т. Рысқұлов ауданындағы Луговое ауылының Пушкин көшесінде Ахмет Дүкенбайға оқ атылып, ол қаза тапқан.
Туыстары бұл қылмысқа аудан аумағында әрекет етеді деп санайтын ұйымдасқан топтың мүшелері қатысы болуы мүмкін екенін алға тартады. Олардың сөзінше, қайғылы оқиғаға дейін аталған адамдар Ахмет Дүкенбайға бірнеше рет қоқан-лоқы жасап, қысым көрсеткен. Алайда полиция бұл ақпаратты ресми түрде растаған жоқ.
Марқұмның отбасы мен әлеуметтік желі қолданушылары Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан тергеуді жеке бақылауына алуды, айтылған қауіп-қатерлердің мән-жайын тексеруді және қылмысқа қатысы болуы мүмкін барлық тұлғаны анықтауды сұрады.
Үндеуде марқұмның жақындары осы уақытқа дейін оқиғаның барлық мән-жайы толық түсіндірілмегенін айтқан. Олар кінәлілер жазадан құтылып кетуі мүмкін деп қауіптенеді.
Ахмет Дүкенбайдың артында жұбайы, кәмелетке толмаған балалары және жалғыз ұлынан айырылған қарт ата-анасы қалды.
Жамбыл облысы полиция департаменті аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 99-бабы («Адам өлтіру») бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталғанын хабарлады.
– Полиция қызметкерлері күдіктінің кім екенін анықтап, оны уақытша ұстау изоляторына қамады. Қазір қылмыстық істі жан-жақты, толық әрі объективті тергеуге бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр, – деп мәлімдеді ведомство.
Полиция Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге мәліметтер жария етілмейтінін атап өтті.
Еске салайық, бұған дейін Жамбыл облысында 8 жыл бұрын болған қарақшылық қылмыс ашылғаны туралы жаздық.