Жамбыл облысындағы республикалық жолдар бойына 11 байланыс мұнарасы салынады
АСТАНА. KAZINFORM — Жамбыл облысында республикалық маңызы бар автожолдардың бойына 11 антенна орнатылады. Бұл ұялы байланыс сапасын жақсартып, жүргізушілердің төтенше жағдайда жедел көмек сұрауына мүмкіндік береді.
Өңір билігі республикалық трассалар бойындағы ұялы байланыс желісін кезең-кезеңімен дамытуды жоспарлап отыр.
Тұрақты байланыс жүргізушілерге бағыт-бағдар алуға және байланыста болуға, жол-көлік оқиғасы, көлік бұзылуы немесе өзге де төтенше жағдай кезінде жедел қызметтерді дер кезінде шақыруға мүмкіндік береді.
Жамбыл облысы әкімдігі цифрландыру және архивтер басқармасының мәліметінше, биыл «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында Шақпақата – Отар автожолы бойында жеті антенна қойылады.
Ұзындығы 449,8 шақырым болатын бұл жол учаскесі Түркістан облысымен шекарадан басталып, Алматы облысына дейін созылады.
Бұдан бөлек, Мойынқұм ауданындағы Хантау – Ақсүйек және Бурылбайтал – Қашқантеңіз автожолдарының бойында тағы төрт байланыс нысаны бой көтереді.
Бұл жолдардағы көлік ағыны салыстырмалы түрде аз болғанымен, халық сирек қоныстанған шөлейт аумақ арқылы өтеді. Сондықтан мұнда ұялы байланыстың тұрақты болуы төтенше жағдай кезінде ерекше маңызды.
Барлық жоба бойынша жобалық-сметалық құжаттама мемлекеттік сараптамадан оң қорытынды алған.
Құрылыс-монтаж жұмыстары биылғы жылдың соңына дейін басталады. Нысандар пайдалануға берілгеннен кейін қазір байланыс тұрақсыз немесе мүлде жоқ жол учаскелерінде ұялы байланыс сапасы жақсарады.
Бұған дейін Шалғайдағы аудандарға ұялы байланыс қашан қосылатыны туралы жаздық.