Жамбылда 25 мың теңге үшін TikTok-та алаяқтық жасаған әйел 2,5 жылға сотталды
АСТАНА. KAZINFORM — Жамбыл облысының Жамбыл аудандық соты TikTok әлеуметтік желісі арқылы жиһаз сатамын деп алаяқтық жасаған әйелге қатысты қылмыстық істі қарады.
Сот материалдарына сәйкес, 2026 жылдың сәуір айында сотталушы TikTok желісінде диван сататыны туралы жалған хабарландыру жариялаған. Хабарландыруға қызығушылық танытқан тұрғын акциямен 60 мың теңгеге ұсынылған диванды сатып алмақ болып, көрсетілген нөмірге хабарласқан.
Сатушы алдын ала төлем қажет екенін айтып, сатып алушыны 25 мың теңгені үшінші тұлғаның банк шотына аударуға көндірген. Алайда ақша түскеннен кейін жиһаз жеткізілмей, сатушымен байланыс үзілген.
Алданғанын түсінген жәбірленуші құқық қорғау органдарына жүгінген.
Сот барысында сотталушының кінәсі тараптардың және куәлардың айғақтарымен, банк түбіртектері мен өзге де іс материалдарымен дәлелденді.
Айыпталушы өз кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкініш білдірген және келтірілген материалдық шығынды толық өтеген. Жәбірленуші де залалдың өтелгенін растап, соттан заңға сәйкес жаза тағайындауды сұраған.
Сот кінәні мойындау, шынайы өкіну және келтірілген залалды өтеуді жеңілдететін мән-жайлар ретінде ескерді. Алайда сотталушының бұған дейін де бірнеше рет алаяқтық қылмысы үшін жауапқа тартылғаны және бұрынғы жазасынан тиісті қорытынды шығармай, қайтадан осындай қылмыс жасағаны назарға алынды.
— Сот үкімімен әйел Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабы 2-бөлігінің 4) тармағы бойынша кінәлі деп танылып, үкімдердің жиынтығы негізінде 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды. Үкім заңды күшіне енді, — делінген хабарламада.
Бұдан бұрын Жетісу облысында банк шоттарын алаяқтарға берген екі қылмыстық топ әшкереленгенін жаздық.