Жамбылда қоршаған ортаны ластаған кәсіпорынға 54,9 млн теңге айыппұл салынды

АСТАНА. KAZINFORM — Жамбыл облысының Экология департаменті жүргізген тексеру барысында КМК кәсіпорнының ағынды суларында рұқсат етілген нормадан жоғары ластаушы заттар анықталған, деп хабарлайды Сарысу аудандық сотының баспасөз қызметі.

Сарысу аудандық соты қоршаған ортаны ластаған кәсіпорынға 54,9 млн теңге айыппұл салды
Фото: t.me/jambyl_sottary/ChatGPT

Атап айтқанда, тазартудан кейінгі сынамаларда оттегінің химиялық тұтынуы, темір, нитрит, фосфат, нитрат және биологиялық оттегі тұтыну көрсеткіштері шекті мөлшерден асып кеткен.

Тексеру нәтижесінде кәсіпорын Экологиялық кодекс талаптарын бұзғаны үшін әкімшілік хаттама толтырылды.

Сот отырысында кәсіпорын директоры көрсетілген заңбұзушылықтардың болғанын мойындағанымен, ағынды судың нақты көлемі актіде көрсетілгеннен аз болғанын айтты. Алайда кәсіпорынның кінәсі тексеру материалдарымен, зертханалық талдаулармен және құжаттармен толық дәлелденді.

— Заңнамаға сәйкес, қоршаған ортаға зиян келтірген заңды тұлғаларға ластаушы заттардың асып кеткен көлемі үшін айыппұл салынады. Бастапқыда айыппұл мөлшері 78,5 млн теңгеден асқанымен, заңда көзделген жеңілдікке байланысты ол 30 пайызға қысқартылды. Нәтижесінде сот КМК кәсіпорнын кінәлі деп танып, 54,9 млн теңге көлемінде айыппұл салды. Сот қаулысы заңды күшіне енді, — делінген хабарламада.

Бұдан бұрын Павлодарда кәсіпорындардың қоршаған ортаны ластау лимитінен асып кету жағдайлары тіркелгенін жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар
Референдум