Жамбылда кәсіпкер лицензиясынан айырылып, 3 млн теңге айыппұл арқалады
АСТАНА. KAZINFORM — Жамбыл облысында алкоголь өнімдерін сатуға бақылау күшейтілді. Заңнама талаптарын бұзған 25 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды облыстық прокуратураның баспасөз қызметі.
Жамбыл облысының Байзақ ауданында қоғамдық тәртіпті нығайту және салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында «Алкогольсіз ауыл» бастамасы іске асырылып жатыр. Қазіргі таңда аудан прокуратурасының үйлестіруімен, сондай-ақ ақсақалдар мен жергілікті тұрғындардың қолдауымен Абай, Базарбай және Байзақ ауылдарында алкогольдік ішімдіктерді сату толығымен тоқтатылды.
Дегенмен заңды елемеген 25 кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Байзақ аудандық сотының 2026 жылғы 26 ақпандағы қаулысымен ірі супермаркеттердің бірі тәуліктің тыйым салынған уақытында алкогольдік өнімдерді сатқаны үшін кінәлі деп танылған. Кәсіпкерге 432 мың теңге мөлшерінде айыппұл салып, лицензиясының қолданылуын бір ай мерзімге тоқтатты. Рейд кезінде кәсіпкердің енгізілген шектеулерге қарамастан, лицензия тоқтатылған кезеңде алкогольдік өнімдерді сақтау фактісі анықталды.
Прокурорлық қадағалау актісі бойынша кәсіпорын ӘҚБтК-нің 282-бабының 1-бөлігінің 7)-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, лицензиядан айыра отырып, 3 млн теңгеден астам мөлшерде айыппұл түрінде әкімшілік жазаға тартылды.
Ведомствоның мәліметінше, аудандарда қабылданған шаралар мас күйінде жасалған қылмыстар санының 73,4%-ға төмендеуіне ықпал еткен.
Айта кетейік, бұған дейін Түркістан облысында 119 кәсіпкер лицензиясыз алкоголь өнімдерін сатқаны анықталды.