Жамбылдық полицейлер оқушыларға ғаламтор желісіндегі қауіпсіздік мәселесін түсіндірді
ТАРАЗ. KAZINFORM — Бүгін Тараз қаласындағы №30 мектеп қабырғасында ерекше сабақ өтті. Бұл туралы Жамбыл облысы ПД баспасөз қызметі мәлім етті.

Полиция департаментінің бастығы Бақытжан Малыбаевпен заң турасында сұхбат-әңгіме жүргізілді.
Полиция полковнигі балаларға қоғамдық орындарда жүріп-тұру ережелері, жолдағы қауіпсіздік дағдылары туралы айтып, ғаламтор желісіндегі қауіпсіздік мәселесіне, қоғамда «Заң және тәртіп» қағидатын нығайтудың маңыздылығына назар аударды.
Ашық әңгіме, сонымен қатар, оқу орындарындағы буллинг, бопсалау, жасөспірімдерді есірткі саудасына тарту секілді өткір тақырыптарды талқылауға ұласты.
— Сіздер — еліміздің болашағысыздар. Сіздердің білімдеріңіз, тәрбиелеріңіз бен Отанға деген сүйіспеншіліктеріңіз біздің ертеңіміз қандай болатынын айқындайды, — деді Б.Малыбаев оқушыларға.
Оқушылар «Полиция қызметкері қандай қасиеттерге ие болуы тиіс?», «Полицейлер қызметте қаншалықты жиі қауіпті жағдайларға тап болады?», — деген сынды әртүрлі сұрақтар қойды.
ПД бастығы сауалдарға жауап бере отырып, кәмелетке толмағандардың қатысуымен жасалған нақты қылмыстық деректер туралы айтып берді.
Кездесу соңында қатысушыларға құқықтық нормаларды білу және құрметтеу қаншалықты маңызды екенін мысалмен көрсететін қысқа бейнероликтер көрсетілді. Ең белсенді оқушыларға ПД бастығы Қайрат Жолдыбайұлының «Кемел адам» танымдық кітабын табыс етті.
Мектеп мұғалімдері атап өткендей, осындай ашықтық форматындағы кездесулер жастардың тәртіп сақшыларына деген сенімін арттыруға көмектесіп, уақытында көтерілген мәселелер мен ашық сұрақтар асығыс әрекет пен қайғылы оқиғалардың алдын алады. «Жасөспірім» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында өткізілген іс-шара барысында ПД бастығы «дабыл» түймесінің, бейнебақылау камераларының жұмысын тексерді.
Еске сала кетейік, бұған дейін Жамбыл облысында қанша қыз балаға HPV вакцинасының бірінші дозасы егілгенін жазған едік.