Жамбыл автобус паркі 60 жаңа автобуспен толықты

«Тараздың жолаушылар тасымалдаушылары орта және үлкен сыйымдылықтағы жаңа автобустар сатып алды. ПАЗ маркілі он ресейлік автобусты «Экспресс-05» ЖШС, екі ПАЗ-ды «Сая» ЖШС сатып алды. Ал «ӘулиеатаТрансПасс» компаниясы қытайдың «ЖАК» автобустарына иелік етті. Сонымен қатар «ТаразТрансМоторс» компаниясы әрқайсысы 22 мың доллар тұратын қытайдың жайлы «Дунфен» автобусының 20-сын сатып алды», - деді әкімнің баспасөз хатшысы Олжас Ақылбеков.
Оның атап өтуінше, «ӘулиеатаТранПасс» серіктестігі ресейлік 14 ПАЗ автобусын «Даму» қоры арқылы «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында сатып алған.
Жалпы қала әкімі баспасөз қызметінің ақпараты бойынша, таяу екі айдың ішінде Тараздың жолаушылар тасымалдаушылары тағы да орта және үлкен сыйымдылықтағы 35 автобус сатып алмақ.
Сонымен қатар Тараз қаласының әкімі жергілікті бюджеттен қоқыс тасуға арналған бес «КамАЗ» көлігін сатып алуға қаржы бөлді. «Қазіргі таңда қоқысты жинау және шығарумен «Жасыл-Тараз» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны айналысады. Ол облыс орталығының 70 пайызының ғана тазалығын қамтамасыз ете алады. Қалған бөлікті жеке фирмалар тазалайды», - дейді О.Ақылбеков.