Жамбыл облысы мәслихатының депутаттары денсаулық сақтау және білім беру салаларына баса назар аударды

Бұл туралы Жамбыл облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасынан хабарлап отыр.
Облыстық мәслихаттың кезекті сессиясында ауылдық округ әкімдерін сайлау жұмыстарын ұйымдастыру және өткізу үшін 35 млн. теңге, 70 млн. теңге құрылысы жүріп жатқан Спорт сарайын ұстауға, спорттық құрылғылар алуға 100 млн. теңге, 4 жаңа спорт залына - 20 млн., Аса ауылындағы аурухананың құрылысын аяқтауға 230 млн. теңге бағытталатыны шешілді.
Экономикалық ведомствоның басшысы Жорабек Баубековтың сөзіне сүйенсек, қаражаттың бір бөлігі бюджеттік ұйымдарды қаржыландыруға, әлеуметтік нысандарды жөндеу үшін жобалық-құрылыс құжаттарын әзірлеуге бөлінбек. Сонымен қатар «Тараздың ежелгі қазынасы» кітабын шығаруға 10 млн. теңге, «Туған өлкемен танысу» тақырыбындағы шараларға және ОҚО-да Жамбыл облысы мәдениетінің күндерін өткізуге 5 млн. теңге қарастырылмақ.
Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының мәліметіне қарағанда, Жамбыл өңірі 2013 жылы өз бюджетінің үштен бір бөлігін денсаулық сақтау және білім беру салаларына жұмылдырмақ. Алғашқысының еншісіне 36,1 млрд. теңге, соңғысына 20,4 млрд. теңге тимек.
Жамбыл облысында жылда әлеуметтік бағыттағы бюджеттік қаржылық көлемдер артып келеді, дейді экономикалық ведомствоның өкілдері. 3 жылға жоспарланған Жамбыл облысының бюджеті бойынша 2011 жылдың соңында кіріс және шығыс 120 млрд. теңге көлемінде болжанған. Алайда Жамбыл облыстық мәслихатының халық қалаулылары 2012 жылдың желтоқсанында бюджеттің деңгейін 152 млрд. теңгеге дейін көбейту шешімін бірауыздан мақұлдады.
2013 жылы аймаққа трансферт ретінде 137,6 млрд. теңге бөлінуі тиіс. Биыл облыстың ТКШ-ны дамытуға 14,8 млрд. теңге қарастырылмақ. Облыстық және аудандық маңызы бар жолдарды жөндеуге 4 млрд. теңгеден астам қаржы бағытталмақ, деп мәлімдеді Жамбыл облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының өкілдері.