Жамбыл облысы прокуратурасы NARKO SHEKTEU TARAZ телеграм-ботын таныстырды

ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Есірткі айналымына қарсы іс-қимылдың тиімділігін арттыру мақсатында Жамбыл облыстық прокуратура Парламент депутаттарының, құқық қорғау және арнайы органдар басшыларының қатысуымен «NARKO SHEKTEU TARAZ» телеграм-ботын таныстырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

Аталған платформа нашақорлар санын азайтуды, халық арасында есірткі айналымы мен тұтынудың алдын алуды көздейді. Негізгі функциясы жарнамасы бар сайттарды, сілтемелерді және есірткі сатып алу бойынша ұсыныстарды табуға, есірткі жасырынған жерлерді анықтауға, есірткіні дайындау орындары және қоймасы туралы ақпараттарды зерделеуге бағытталған.

Кездесуде облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров жастар арасында арнайы сауалнама жүргізілгенін айтты. Прокурордың деректеріне қарағанда, сауалнама нәтижесінде студенттер мен орта мектеп оқушыларының шамамен 47 пайызы әлеуметтік желі арқылы синтетикалық есірткі сатып алу қолжетімді екенін растаған. Мұнан соң арнайы жұмыс тобы құрылып, бір ай ішінде синтетикалық есірткіні насихаттайтын 400-ден астам сілтемелер мен сайттар анықталған. Оның 100-ге жуығы жойылып, қалғандары бұғатталу сатысында екен.

Кездесу барысында қатысушылар пилоттық жобаны енгізу, іске қосу және өзара іс-қимылдың тиімділігін арттыру туралы бірлескен жоспарды қабылдады.

Айта кетейік, бұған дейін Шу ауданында 280 келіге жуық есірткі тәркіленгенін хабарлаған болатынбыз. Жамбыл облысының полицейлері Белбасар ауылының маңындағы құмды аймақта орналасқан «Сарғау» учаскесінде аса ірі мөлшерде есірткі затын сақтады деген күдікпен 42 жастағы жергілікті тұрғынды ұстады.


Соңғы жаңалықтар