Жамбыл облысында 2,5 мың дәрігер медициналық қызмет көрсетуде

Брифинг барысында облыстағы мемлекеттік денсаулық сақтау бағдарламалары аясында жоспарланған жұмыстар, 2015 жылы атқарған жұмыстар туралы айтылды.
«2015 жылы денсаулық сақтау жүйесі қызметіне қаржыландыру артып, 41,434 млрд теңгені құраған, соның ішінде тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі - 30,386 млрд теңге», деді Е.Масалимов.
«Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының арқасында облыстың материалдық-техникалық базасы нығайтылып, дамыды. Әлеуметтік мәні бар ауруларды ерте диагностикалау және тиімді емдеу әдістерінің жаңа технологиялары қолданылуда, өңір әлеуметтік, медициналық дамуында жақсы көрсеткіштерге жеткен.
Жергілікті бюджет есебінен 1244,6 млн теңгеге 226 медициналық техника сатып алынды. «Ауылдық жерлерде жас мамандарды бекіту бағдарламасы әзірленген, жергілікті бюджеттен көтерме ақы төлеу үшін қаражат жыл сайын қарастырылады. Облысқа 5 жылдың ішінде 508 дәрігер келді, 399 маман ауылдық жерлерге жұмысқа орналасты»,-деді басқарма басшысы.
Сондай-ақ, аймақта денсаулық сақтау саласында дәрігерлер саны өсті, 2011 жылы 2 486 дәрігер, 2016 жылғы 1 қаңтардағы мәліметке қарасақ, 2 519 дәрігер қызмет етуде.
Орта буын қызметкерлерінің саны жыл сайын өсіп келеді, 2011 жылы 8 909 қызметкер жұмыс істеген, 2015 жылы - 9 109.