Жамбыл облысында 36 мектепте асхана жоқ
Облыста биылғы оқу жылынан бастап 1-4-сынып оқушылары тегін тамақпен қамтамасыз етілуі керек.
Әзірге аталған мектептердің 15-інде асхана мәселесі жаңа мектеп құрылысының салынуымен шешілетін болса, 21 мектепте бұл проблема әлі шешімін таппай тұр.
Жамбыл облысының білім саласында шешімін күткен мәселелер тек бұл ғана емес.
Мәселен, Мойынқұм ауданының №1, В.Терешкова және Ағыбай батыр мектептерінде су тасымалданып, арнайы ыдыста сақталады. Әжетханасы сыртта орналасқан.
Шу ауданының Ғ.Мұратбаев атындағы орта мектебі апатты жағдайда.
18 мектепте интернет жылдамдығы төмен.
Ал, Байзақ ауданындағы Қосақ, Мойынқұм ауданындағы М.Әуезов, Қордай ауданындағы №11, Еңбек бастауыш мектебінде интернет мүлдем жоқ.
Шу ауданы Төле би ауылының оқушылары осымен екінші жыл төрт мектепке бөлініп білім алып жүр. Себебі құрылысы жүргізіліп жатқан әл-Фараби орта мектебінде жұмыс тек 70 пайызға орындалған.
Бұл ақпараттар Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітовтің қатысуымен өткен сегізінші шақырылған облыстық мәслихаттың кезектен тыс үшінші сессиясында айтылды.
Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Дәмеш Үскімбаеваның айтуынша, 2021-2022 оқу жылында материалдық-техникалық базамен толық жабдықталмаған 7 мектепке берілген нұсқама орындалмаған.
«Жамбыл ауданындағы №3 орта мектебіне 2019 және 2020 жылдары берілген нұсқама бүгінгі күнге дейін орындалмады. Жаңа мектеп құрылысы екі жылдан бері біткен жоқ. Шу ауданындағы Жайсан орта мектебі жалпы орта білім беру талаптарына сәйкес келмейді. Жаңа мектеп құрылысы жоспарланғанымен, мәселе шешімін таппады. Материалдар сотқа жолданып, кейбіріне айыппұл салынды, – деді ол.
Бұған дейін Жамбыл облысында үш жылда 12 мектеп салынатынын жазған болатынбыз.