05:25, 13 Наурыз 2020 | GMT +5
Жамбыл облысында дүкеннен 1,7 млн теңге ұрланды
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысының Байзақ ауданында сауда үйіне ұрылар түсіп, сейфтегі ақшаны қолды етті. Бұл туралы облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Аталған іспен шұғыл айналысқан Байзақ аудандық полициясының қызметкерлері көп ұзамай күдіктілерді қолға түсірген.
«Күдіктілер үлкен сауда үйіне заңсыз кірген. Сейфті бұзған олар ішіндегі 1,7 млн теңгені алып кеткен. Полицейлер Байзақ ауданының 26 жастағы екі тұрғынын ұстады. Айғақ зат бар – сақшылар күдіктілердің қолынан ұрланған ақшаның бәрін алды. Кінәсін мойындаған екеу Тараз қалалық тергеу изоляторына қамауға алынды», - делінген ведомство хабарламасында.
Қазіргі уақытта аталған дерекке қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы 3-бөлігі 1 және 3-тармақтарымен («Тұрғын, қызметтiк немесе өндiрiстiк үй-жайға, қоймаға не көлік құралына заңсыз кiрумен жасалған ірi мөлшердегі ұрлық») сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.