Жамбыл облысында екі адамнан конго-қырым геморрагиялық безгек вирусы табылды

Тұтынушылардың құқығын қорғау бойынша департаменттің ақпаратынша, Мойынқұмда конго-қырым геморрагиялық безгек ошағы бар. Бұл аумаққа Сарысу, Мойынқұм және Талас аудандарының 49 елді мекені кіреді. 70 мыңнан астам адам тұрады. Негізінен бұл вирусты кенелер таратады.
«Жамбыл ауданында вирустың пайда болуын малды басқа жерден әкелумен және олардың жағдайын жіті тексермегендіктен болуы мүмкін, - деп мәлімдеді Тұтынушылардың құқығын қорғау бойынша департамент директорының орынбасары Гүлфайра Мырзабекова.
Оның сөзіне қарағанда, наурыз айынан облыстың эндемикалық аудандарынан 32 мыңнан астам кене жиналды. 25,6 мыңын вирусқа тексергенде, 71-нен аталған вирус табылды.
21 мамырдағы жағдай бойынша конго-қырым геморрагиялық безгек вирусы екі адамнан анықталды. Олардың бірі Талас ауданы Көктөбе ауылының, тағы бірі Жамбыл ауданы Қапал ауылының тұрғыны. Олар облыстық инфекциялық ауруханаға жатқызылды. Уақтылы емделгендіктен олардың жағдайы тұрақты, деп хабарлады дәрігерлер.
Департамент ақпаратынша, Жамбыл облысында конго-қырым геморрагиялық безгек вирусының алғаш рет тіркелген 1982 жылдан бастап дерттің табиғи ошағының аумағы 136 есеге - 200-ден 27,1 мың шаршы км дейін ұлғайған.