Жамбыл облысында екі ауданның басшылары ауысты
ТАРАЗ. 31 қаңтар. ҚазАқпарат /Галина Скрипник/ - Жамбыл облысында екі ауданның басшылары ауысты, деп хабарлады аймақ әкімінің баспасөз қызметі.
Жамбыл облысы әкімінің өкімімен Ілияс Әлімұлы Тортаев Шу ауданының әкімі болып тағайындалды.
І.Тортаев 1953 жылы Жамбыл облысы, Шу ауданының Жаңажол ауылында дүниеге келген. Қазақ, «Нұр Отан» ХДП-ның мүшесі. 1974 жылы Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтын инженер-құрылысшы мамандығы бойынша тәмамдаған, 1998 жылы - Алматы қаласындағы «Әділет» жоғары құқық мектебін бітірген. Еңбек жолын Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтында сәулет кафедрасының ассистенті болудан бастаған.
Жамбыл қаласының өнеркәсіп саласында, Шу қаласы әкімінің орынбасары, Жамбылдық «Дормостстрой» басқармасының бастығы болып жұмыс істеген. «Жамбылжолқұрылыс» ААҚ президентінің қызметін атқарған. 2005-2009 жылдары - Тараз қаласының әкімі. 2009 жылдан бастап Қордай ауданының әкімі болып қызмет еткен.
Жамбыл облысы әкімінің өкімімен Болатбек Байқоңысұлы Байтөле Қордай ауданының әкімі болып тағайындалған.
Б. Байтөле 1959 жылы Жамбыл облысы, Қордай ауданының Отар ауылында дүниеге келген. Қазақ, «Нұр Отан» ХДП-ның мүшесі. 1980 жылы Алматы халық шаруашылығы институтын «бухгалтерлік есеп» мамандығы бойынша, 2001 жылы - Бішкек қаласының қырғыз-ресей академиясын тәмамдаған. Еңбек жолын 1980 жылы Красногор (қазіргі Қордай) аудандық ауыл шаруашылығы техникасы мекемесінің бас экономисі болып бастаған.
Қордай ауданының қаржы және қаржы бақылауы салаларында еңбек еткен. 2000 жылдан 2002 жылға дейін - «Қақпатас» АҚ-ның қаржы директоры, «Нұр Бұлақ» шаруа қожалығының жетекшісі болған. 2003 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін «Қордай» несиелік серіктестігі» ЖШС-нің басқарма төрағасы болып жұмыс істеген.
2003-2011 жылдары Жамбыл облыстық мәслихаты екі шақырылымының депутаты болып сайланған.