Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Жамбыл облысында құны 22 млрд. теңгеден асатын 7 жоба жүзеге асырылады

ТАРАЗ. 27 қаңтар. ҚазАқпарат - 2014 жылы Жамбыл облысында Индустрияландыру картасы бойынша жеті нысан пайдалануға берілмек, деп хабарлайды Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев.

Жамбыл облысында құны 22 млрд. теңгеден асатын 7 жоба жүзеге асырылады

«2014 жылы Жамбыл облысында жалпы құны 22 млрд. теңгеден асатын жеті инвестициялық жоба пайдалануға беріледі», - дейді облыс әкімі К.Көкірекбаев.

Аймақта салынып жатқан жаңа құрылыстардың ішінде «Жамбылгипс» гипс зауыты, «Арайстроймаркет» радиаторлар шығаратын шағын зауыт, «БиномСтройДеталь» үй-құрылыс комбинаты, «TalasInvestmentCompany» натрий цианидін өндіру зауыты, «CentralAsiaGoldProduction» қымбат металдар қорытпасын өндіру зауыты, Халал стандарты бойынша ет тағамдарын шығаратын «ОңтүстікХалалТағамдары» жоғары технологиялық өндірісі бар. Қордай ауданында «VistaInternational» компаниясы жаңа жел электр станциясын салып жатыр.

Сонымен қатар, 2015-2018 жылдар аралығында облыста құны 429,9 млрд. теңгені құрайтын алты инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарлануда, бұл 3 мыңнан астам жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Оның ішінде Тараз металлургия зауытының ферроқорытпа өндіру және шикізат базасын әртараптандыру мен кеңейтудің екінші кезеңін, құрғақ құрылыс қоспаларын, толтырғыштар мен гипс өндіретін «AlinaHolding» кешенінің құрылысын, глифосат өндірісін («Біріккен химия компаниясы»), барит рудасын өндіру мен өңдеуді («ҚазБарит»), балық өңдеу зауытының реконструкциясын («Мың Арал» компаниясы) атап өтуге болады. «ЕвроХимУдобрения» компаниясы Қаратау қаласында минералды тыңайтқыштар өндіретін химия зауытын салады.

«Мемлекет басшысы Үкіметке 2016-2019 жылдарға арналған үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың екінші бесжылдығының жобасын әзірлеуге қатысты бірқатар тапсырмалар берді. Бұл тұрғыдан облыста тиісті жұмыстар атқарылуда. Индустрияландыру картасы аясында 2013 жылы шамамен 21 млрд. теңге инвестиция салынып, пайдалануға берілген 8 жобаның арқасында 626 жаңа жұмыс орны ашылды», - деп хабарлады аймақ басшысы.