Жамбыл облысында Мемлекет басшысының қатысуымен өткен телекөпір барысында локомотив зауыты ашылды
ТАРАЗ. 25 желтоқсан. ҚазАқпарат - Жамбыл облысында Мемлекет басшысының қатысуымен өткен телекөпір барысында локомотив зауыты ашылды.
Бүгін жалпыұлттық телекөпір барысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Жамбыл облысында қазақстандық-қытайлық өндірістің бірінші тепловозын іске қосты.
Аталған локомотив зауытын ашуға Қазақстан Республикасы Президентінің биылғы жылдың 24 мамырында Жамбыл облысына жасаған сапары алғышарт болды. Сапар барысында «ҚТЖ» ҰК» АҚ мен Қытай Оңтүстік өнеркәсіп корпорациясы Жамбыл облысының Шу қаласында бірлесіп маневр тепловоздарын шығару туралы келісімге келді.
Аталған жобаны жүзеге асыру үшін 2012 жылы 15 қосымша жұмыс орны ашылды, локомотивтерді модульдік құрастыру бойынша өндірістік қуаттылықтарды жаңартудың бірінші кезеңі өткізілді. Жоспарда зауытты одан әрі қайта жаңарту және өндірісті оқшаулау үлесін кезең-кезеңмен 51 пайызға дейін өсіру.
Жаңа өндіріс қазақстандық кәсіпорындардың маневр локомотивтеріне сұранысын қанағаттандыруға және аталған өнім импортына деген қажеттілікті жоюға мүмкіндік береді.
Шу кәсіпорнының жылына 50 тепловоз шығару жобалық қуаттылығына шығуы 2016 жылға белгіленген, 110 қосымша жұмыс орны құрылады, деп хабарлайды Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметінен.