Жамбыл облысында ұсақ ауылшаруашылық тауарларын өндірушілер үшін инвестициялық орталық құру ұсынылды
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Кәсіпкерлер палатасының аймақтық кеңесінің отырысында Палата директорының экономикалық мәселелер бойынша орынбасары Әділбек Үсенбаев өңірде тиімді несие беру талаптарын ұсынатын қаржы институтын құруды ұсынды.
«Кәсіпкерлерді несиелендіру екінші деңгейлі банктер арқылы жүзеге асырылады. Оларда жобаларды таңдаудың өз ережелері бар, - деді ол. - Ауылда кәсіпкерлікті дамытудың негізгі проблемасы - айналымда қаражаттың болмауы. Кәсіпкерлер пайыздық мөлшерлемесі жоғары тұтынушылық несие алып, ісі ойдағыдай жүзеге аспаса, банкрот болып жатады».
Ә.Үсенбаев атап өткендей, сараптамаға сәйкес несие ресурстарының бірқатар шағын кәсіпорындар үшін қолжетімді емес екені анықталды. Жергілікті бюджеттен субсидиялау талаптарына сай ірі ауыл шаруашылық тауарларын өндірушілерге қолдау көрсетіледі. Алайда жамбылдықтарды 40 пайыз ауыл шаруашылығы тауарларымен ұсақ шаруа қожалықтары қамтамасыз етеді. «Сондықтан кәсіпкерлік белсенділікті арттыру үшін Жамбыл облысының аймақтық кәсіпкерлер палатасы Жамбыл облысының өңірлік инвестициялық орталығын құруды ұсынды. Оның несие беру талаптары тиімдірек болмақ», - деді Ә.Үсенбаев. Жобаны жүзеге асыруда ОҚО-дағы осындай орталықтың тәжірибесін пайдалану ұсынылды. Облыс әкімдігіне ұйымдастырушы болу ұсынысы жасалды, ал Жамбыл облысының аймақтық кәсіпкерлер палатасына жобалардың бірыңғай тізілімін енгізу және олардың жүзеге асырылуын бақылау міндеті артылмақ.