Жамбыл облысында жағдай қалпына келтірілді - ҚР ІІМ басшысы

«Жағдай тұрақты. Түсіндіру жұмыстары жүргізілді, барлық диаспора басшылары, жергілікті билік, әкімдіктер мен құқық қорғау органдары шаралар қабылдап жатыр. Біздің Ұлттық ұлан да сонда келтірілген болатын. Күдікті күзетте ұсталуда. Бүгін оған қатысты қамауға алу шарасы туралы шешім қабылданады. Жалпы бәрі бақылауда, ешқандай да режим енгізілген жоқ», - деді Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов.
«Бұл тұрмыстық қылмыс. Қылмыскер де мұны мойындайды. Менің ойымша, күрделі тергеу жұмыстары жүргізілуі керек, барлық сараптамалардан кейін істі тезірек сотқа жолдайтын боламыз. Оқиғада ешқандай да ұлтаралық жанжал жоқ. Ондай мәселе қылмыстық істе де көрсетілген емес», - деп түсіндірді министр.
Еске салайық, Жамбыл облыстық ІІД баспасөз қызметінің ақпаратынша, 15 ақпан күні сағат 17:00-де Жамбыл облысындағы Байзақ ауданының Бурыл ауылындағы жекеменшік үйде кәмелеттік жасқа жетпеген А.С.Дүйсенбектің зорлық белгілері бар денесі табылды. Аталған факті негізінде ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабының 2-бөліміндегі 14-тармақшасы (кәмелеттік жасқа жетпегенді әдейі өлтіру) бойынша тергеу басталды.
16 ақпанда өз кінәсін мойындаған К. есімді күдікті азамат ұсталып, уақытша оқшаулағышқа қамалды.
«Қылмыстың қайтыс болған баланың отбасының мүлкін ұрлау ісіне байланысты болғанын, яғни тұрмыстық сипатта екені анықталды. Іс бойынша бірқатар сот сараптамалары тағайындалды, қажетті тергеу амалдары жүргізілуде.
Жергілікті тұрғындардың алаңдаушылығына байланысты, жергілікті атқарушы органдар мен құқық қорғау органдарының басшылығы жиын өткізіп, жиналған адамдарға тергеудің алдын ала қорытындылары туралы сенімді ақпарат берілді», - делінген хабарламада.
ІІД-де елді мекендегі жағдайдың тұрақты екенін мәлімдеді. Тергеу барысы ерекше бақылауға алынды.