Жамбыл облысында жол апатынан дәрігер қаза тапты, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы ауыр жарақаттанды

ТАРАЗ. 5 қараша. ҚазАқпарат - Жамбыл облысының тасжолында болған жол апатында уролог-дәрігер қаза тауып, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы және оның сіңлілері жарақаттанды.

Жамбыл облысында жол апатынан дәрігер қаза тапты, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы ауыр жарақаттанды

Жамбыл облысы ІІД баспасөз қызметінде хабарланғандай, Меркі ауданында республикалық маңызы бар «Алматы - Ташкент» автокөлік жолының 293 шақырымында Меркі және Қордай ауылдарының арасында 59 жастағы жүргізуші айдап келе жатқан «Мерседес Бенц-320 Е» көлігі аударылып қалды, көлік салонында үш әйел отырған. Жеңіл автокөлік Меркі ауылынан келе жатқан. Апатқа техникалық ақаулар, сондай-ақ, тұман себеп болуы мүмкін.

Қаза тапқан адам - облыста танымал уролог-дәрігер Еркін Қуанышәлиев, оның жүргізушілік стажы - 25 жыл. Оның жұбайы - облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Салтанат Омарбекова және оның екі сіңлісі ауыр зақым алды. Зардап шеккендер Меркі ауылының орталық аудандық ауруханасына жеткізілді.

Аталған факті бойынша ҚР ҚК 296-бабы («Жол жүру ережелерін бұзу») бойынша қылмыстық іс қозғалды. ЖКО-ның шынайы себебін анықтау жөнінде тергеуалды тексеру жүргізілуде. Бірқатар сот сараптамасы тағайындалды, деп хабарлайды Жамбыл облысы ІІД баспасөз қызметінен.