Жамбыл облысындағы Мойынқұм ауданында жел электр станциясы салынады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Жамбыл облысындағы Мойынқұм ауданында жел электр станциясы салынады, деп хабарлайды ҚазАқпарат аймақ әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жобаны франциялық Total Eren компаниясы жүзеге асырмақ. Мойынқұм ауданында қуаттылығы 1 ГВт болатын жел электр станциясын салу жобасын компания басшылығы Астанада ҚР Сыртқы істер министрлігі инвестициялар жөніндегі комитет төрағасы Ардақ Зебешевпен, «Kazakh invest» ҰК» АҚ, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басшылары және Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітовпен кездесуде талқылады.


Компанияның вице-президенті Антуан Гарре өздерінің табиғат тазалығына құрметпен қарайтындықтарын жеткізіп, жобаның қоршаған ортаға әсерін азайту бағытында зерделеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын тілге тиек етті. Сондай-ақ, ол жобаға қолайлы жерді анықтау үшін негізгі және балама орындар қарастырылып отырғанын атап өтті.

Аймақ басшысы жергілікті билік жобаға қолдау көрсетуге дайын екенін айтып, әкімдік тарапынан жер телімін бөлу бойынша шаралар қабылданып жатқанын жеткізді.

«Бұл жоба біз үшін де маңызды. Оған жер телімін бөлу үшін тиісті заңға өзгерістер енгізуге қатысты жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мәселені жедел шешу бойынша министрліктердің қолдауына ие болып отырмыз. Жобаны табысты іске асыру үшін компаниямен бірлесіп әрекет етуге дайынбыз», - деді Нұржан Нұржігітов.

Айта кетейік, компания өкілдері 26-27 сәуір күндері Тараз қаласында өтетін «ZHEIF-2023» халықаралық инвестициялық форумына қатыспақ.


Соңғы жаңалықтар
telegram