Жамбыл облысының әкімі ҚР Президентін ағымдағы жылғы 7 ай ішінде аймақтағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы хабардар етті
СТАНА. Тамыздың 27-сі. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Жамбыл облысының әкімі Қанат Бозымбаевты қабылдады, деп хабарлайды ҚР Президентінің баспасөз қызметі.
Қ.Бозымбаев Президентті ағымдағы жылғы 7 ай ішінде аймақтағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы хабардар етті.
Есептік кезең ішінде өнеркәсіп өндірісінің өсу деңгейі 9 пайызды, соның ішінде кен-байыту саласында - 29 пайызды құраған. Ауыл шаруашылығы өндірісі даму үстінде. Облыс бойынша егін жинау науқаны аяқталды десе де болады, 230 мың тоннадай астық жиналып, орташа есеппен бір гектар аумақтан 15,5 центнер астық алынған. Облыста жұмыссыздықтың саны азайып келеді, аймақтағы 4,5 мыңға тарта тұрғын «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автожолының құрылысына жұмысқа орналасты.
Кездесу барысында халық батыры, Кеңестер Одағының батыры, аты аңызға айналған қолбасшы Бауыржан Момышұлының 100 жылдық мерейтойын атап өтуге деген дайындық барысы да сөз болды.