Жамбыл облысының әкімі жүз жасаған ананы көктем мерекесімен құттықтады
АСТАНА. ҚазАқпарат - 8 наурыз Халықаралық әйелдер күні қарсаңында облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев 100 жасқа келген қала тұрғыны Дәнеш Әбілдаеваны құттықтады, деп хабарлайды әкімдіктің баспасөз қызметі.
Осыдан жүз жыл бұрын 1 қаңтарда дүниеге келген Дәнеш әжей ғасырлық мерейтойын атап өтті. Әжей бақуатты әулетте туып өскен. Жары Ерлан Әбілдаев мұғалім болып жүрген кезінде майданға аттанады. Ол Сталинград түбіндегі шайқасқа қатысып, Берлинге дейін барған. Соғыс аяқталғаннан кейін елге оралған ол жарақатының салдарынан көп ұзамай көз жұмады.
Бір ұл, екі қызбен жесір қалған Дәнеш әжей егістікте бидай егіп, оны қолмен орып, өлместің күнін кешеді.
Бар ғұмырын ұл-қыздарына арнаған әжей бүгінде 24 немере, 50 шөбере, 18 шөпшек сүйіп, бақытты ғұмыр кешуде.
«Ұлы Отан соғысы жылдары жолдасы ел қорғауға аттанып, өзі тылда тер төгіп, ер адамның орнына жер жыртып, отын тасып халыққа қызмет көрсеткен анасыз, соғысты да, ашаршылықты да бастан кештіңіз. Енді бүгін ұл-қыздарыңыз бен немере-шөберелеріңіздің қызығын көріп отырсыз» - деді Кәрім Көкірекбаев.
Облыс әкімі ғасыр жасаған әжейді көктемнің керемет мерекесімен құттықтаған тілегін білдіріп, құнды сыйлығын өз қолымен тапсырды.