Жамбыл облысының қос ауылында жаңа мектептер ашылды (ФОТО)

ТАРАЗ. ҚазАқпарат - ҚР Конституциясының 20 жылдығын мерекелеу күндері Қордай ауданында жаңа екі мектеп ашылды, деп хабарлайды Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасынан.
None
None

Қаптас ауылында 200 орындық № 30 орта мектептің салтанатты ашылуына ҚР БҒМ вице-министрі Тахир Балықбаев қатысып, тұрғындарды осынау қуанышты оқиғамен құттықтады.

Мектепке естелік сыйлық ретінде теледидар сыйға тартылды. Мердігер фирманың директоры Еркін Кісенбаев мектеп директоры Бибісара Жәкеноваға білім ордасының кілтін табыстады. Шара өнерпаздардың концертімен жалғасты. Сонымен қатар Қордай ауылында да биыл 300 оқушы заманауи мультимедиялық кабинеттері, ауқымды спорт және акт залдары бар жаңа мектеп партасына отыратын болды. Бұл орта мектептің құрылысының жобалық құны 686,5 млн. теңге, оны «Темір-Строй Сервис и К» ЖШС салған. Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Ерқанат Мәнжуов аймақта 2015 жылы 15 мектеп салу қарастырылғанын, оның бесеуі - республикалық бюджеттің, екеуі - Ұлттық қор қаражатының, сегіз мектеп - жергілікті бюджеттің есебінен салынатынын атап өтті. «Биылғы жылы соның 9-ын пайдалануға беру көзделуде», деп нақтылады ол. Жамбыл облысында 2015 жылы білім саласын қаржыландыруға 75 млрд. теңге бөлінген.

Соңғы жаңалықтар