Жамбыл облысының прокуратурасы «Тәуелсіз ел - кұқықты ел» акциясын өткізді
ТАРАЗ. 17 қазан. ҚазАқпарат /Галина Скрипник/ - Облыстық прокуратура өткізген «Тәуелсіз ел - кұқықты ел» акциясының барысында Меркі және Тұрар Рысқұлов атындағы аудан тұрғындарының жол мен таза ауызсуға қатысты арыз-тілектері қаралды.
Бұл туралы прокуратураның баспасөз қызметінен хабарлады.
«Акцияға осы екі ауданның барлық елді мекені қамтылды. Меркі ауданындағы кездесуге 572 адам, Тұрар Рысқұлов ауданындағы кездесуге 638 адам жиналды», - дейді Жамбыл облысы прокуратурасының баспасөз хатшысы Бауыржан Жанұзақұлы.
Оның айтуынша, Меркі ауданында Сыпатай, Қызылқыстақ, Аралқыстақ, Беларық, Қарасу, Ақермен, Ақкөз қайнар, Алтынарық елді мекендері таза ауызсу тапшылығын сезінуде. «Ал жол салу өтінішін айтып Ақарал, Қызылқыстақ, Аралқыстақ, Беларық, Қарасу, Ақермен, Ақкөз қайнар, Алтынарық ауылдарының тұрғындары шағымданды», - дейді ол.
Тұрар Рысқұлов атындағы ауданға қарасты елді мекендердің көбі осы таза ауызсу мәселесінің шешілуін күтуде.
«Халықтың айтқан арыз-тілектерінің жартысы бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Бүгін айтылған барлық сұрақтар мен өтініштер уақытында қаралып, мәселенің мән-жайы айтылатын болады», - делінген облыстық прокуратураның баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Меркі ауданына қарасты 40 елді мекенде 76 756 адам тұрады. Тұрар Рысқұлов атындағы ауданда 43 елді мекен бар, ауданға қарасты жалпы халық саны 63 691 адамды құрайды.