Жамбылдық БАҚ өкілдері «Қазпоштаның» жұмысына наразы

БАҚ мәселелеріне арналған қоғамдық кеңесте облыс әкімінің бірінші орынбасары Кәрім Көкірекбаев монополист компанияның жетегінде кетудің қажеті жоқ дей келе: «Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация құрылымында пошташылардың міндетін атқаратын кәсіпорын құру туралы ойланатын кез келді», - деп баса айтты.
Облыс әкімдігінің ішкі саясат басқармасының мәліметі бойынша, «Қазпошта» АҚ Жамбыл филиалы бөлімінің қызметкерлері мерзімді басылымдарды оқырмандарға дер кезінде жеткізбейді екен.
«Пошташылар оқырмандар мен баспашылардың наразылығана қарамастан, кезекті рет өздерінің қызметтеріне баға көтермекші, - деді облыстық «Знамя труда» газетінің бас редакторы Игорь Неволин. - Мысалға қазір «Знамя труда» газетіне бір жылға жазылу 3 мың теңге, оның ішінде 707 теңгесін пошташылар, 2200 теңгесін типография алып қалады. Газетке барлығы 193 теңге қалады. 2014 жылы біздің газет өз бағасымен қалады. Ал «Қазпошта» АҚ біздің газетке жазылушыларға бағаны 4000 теңгеге дейін ұлғайтады. Соған қарамастан, пошташылардың мерзімді басылымдарды тарату бойынша қызмет сапасы сын көтермейді».