Жамбылдық полицейлер Қазақстан бойынша қымбат көліктер ұрлаумен айналысқан банданы құрықтады

ТАРАЗ. Наурыздың 30-ы. ҚазАқпарат /Галина Скрипник/ - Жамбыл облыстық Ішкі істер департаменті Жол полициясының қызметкерлері қала шетіндегі техникалық қызмет көрсету стансаларының бірінде нөмірі астаналық «Лексус» көлігін мінген, автокөлік ұрлаумен айналысып келген қарулы банданың басшысы, бұрын сотталған 36 жастағы оңтүстікқазақстандық азаматты ұстады.

Жамбылдық  полицейлер Қазақстан бойынша  қымбат көліктер  ұрлаумен   айналысқан    банданы құрықтады
ҚазАқпарат тілшісіне бұл туралы департаменттің баспасөз қызметінен хабарлады. Жол полициясы басқармасының жедел-іздестіру бөлімінің бастығы полиция полковнигі Болат Тасжүрековтың айтуынша, күдікті азамат өзінің сыбайластары - 22 жастағы алматылық пен 22 жастағы өзбекстандық азаматшамен және оңтүстікқазақстандық кәмелетке толмаған екі қыз баламен бірлесіп, Алматы, Астана және Оңтүстік Қазақстан облыстарында бірнеше қымбат көліктерді ұрлаған. Ал мініп жүрген «Лексус» маркалы автокөлігін олар наурыздың 2-сінде Алматыда ұрлап, оны 10 мың долларға сатпақ болған. Бірақ сатып алушылар уағдаласқан жерге келмеген. Содан кейін қарақшылар Жамбыл облысына қарай бет алған. Тұрар Рысқұлов атындағы ауданда Ақшолақ ауылына жақын маңда жамбылдық жол инспекторлары джип көлігінің оларды көргеннен кейін жылдамдықты арттырғанын байқайды. Көлік тоқтау туралы белгіге қарамастан, қастарынан өте шығады. Облыстық Ішкі істер департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Мейірхан Жаманбаевтың өкімі бойынша, аталмыш көлікті ұстау үшін барлық трассалар жабылып, арнайы операция жүргізіледі. Полицейлер жоғары технологиялық заманауи құралдарды пайдалана отырып қылмыстың бетін ашты. Республикалық автоматтандырылған мәліметтер базасы арқылы көліктің иесі анықталады. Бірнеше сағаттан кейін джип қала шетіндегі көлік жуатын орындардың бірінде байқалады. Тексеру кезінде көліктің ішінен "Gamo" маркалы пневматикалық тапанша мен суық қарулар салынған бес сөмке, 12 куәлік, төлқұжат, көлікті басқаруға құқық беру беру туралы қолхат, көлік құралын тіркеу туралы куәлік, екі мемлекеттік нөмір белгісі, ноутбук, екі автокомпьютер, автомагнитола тәркіленеді. Тексеру барысында, күдікті К. деген азаматтың қылмыстық жолмен тапқан төрт жаңа қымбат көлігі бар екендігі анықталады. Ұсталғандардың барлығы абақтыға жабылды.